Биыл 37 анимациялық фильм сценарийі қаралып жатыр

Биыл 37 анимациялық фильм сценарийі қаралып жатыр
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 37 анимациялық фильм сценарийі қаралып жатыр. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

«2019-2022 жылдар аралығында мемлекеттік қаржылық қолдау бойынша 8 анимациялық фильм өндірілді. 2024 жылы 37 анимациялық фильм сценарийлері қаралып жатыр. Сондай-ақ биылдан бастап ұлттық деп аталуға үміткер киножобаларды іріктеу қағидаларына түбегейлі өзгеріс енгізіліп, ұлттық фильмдерді іріктейтін Сараптама кеңесінде анимациялық киножобаларды қарастыратын секция құрылды. Бұл секцияның мүшелігіне анимация саласының білікті мамандары енді», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтің атап өтуінше, еліміздің мемлекеттік идеялогиялық саясатының іске асырылуына ықпал ету, бала тәрбиесін, тіл мәселесінің оң шешілуін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақфильм» киностудиясының жанында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылған. Оның мақсаты – отандық анимациялық саланы жаңғырту және анимациялық фильмдердің сапасы мен ұлттық нақыштағы мазмұны бойынша халықаралық деңгейге шығу жағдайларын қамтамасыз ету, сондай-ақ қысқа метражды және толық метражды анимациялық фильмдер шығаруды ұлғайту. Сонымен қатар Қазақстанның анимация киностудияларының қауымдастығы, «Қазақстандық анимациялық киностудиялар қауымдастығы» бірлестігі бар. Олар тығыз байланыста жұмыс істейді. Халықаралық анимациялық фильмдер қауымдастығына (АСИФА) мүше болу мәселесі алдағы уақытта қаралатын болады.

«Өз кезегінде «Balapan» телеарнасы мемлекет бюджеті аясында сапалы TV контентті 100 пайыз мемлекеттік тілде ғана өндіреді. Жыл сайын телебағдарламалар мен анимациялық жобалар өндірісін ұлғайта отырып, телеарна қазақ балалар контентін дамыту мен насихаттауға елеулі үлес қосып келеді», - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар