Биыл 53 елді мекенге орталықтандырылған ауызсу жүйесі алғаш рет қосылады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 53 елді мекенге орталықтандырылған ауызсу жүйесі алғаш рет қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.

- Бүгінгі таңда республикалық меншікте жалпы саны 32 топтық су құбыры бар. Олар 1 миллион 393 мың адамды қамтитын 581 ауылдық елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Әкімшілік реформаның және «Қазсушар» кәсіпорнын трансформациялау аясында 2024 жылдан бастап топтық су құбырларын кезең-кезеңімен жергілікті атқарушы органдардың меншігіне өткізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл қадам халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып, судың көзінен бастап соңғы тұтынушыға дейінгі барлық кезеңге толық бақылау орнатуға мүмкіндік береді, - деді министр.
Оның дерегінше, су инфрақұрылымын жақсарту мақсатында министірлік биыл Ақмола, Атырау, Алматы, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбыры нысандарын салу және қайта жаңарту бойынша 31 жобаны іске асырып жатыр.
- Аталған 31 жобаны толық іске асыру нәтижесінде 2,6 мың шақырымнан астам су құбыры салынады және бұл 1,3 млн халық тұратын 468 елді мекеннің сумен жабдықтау сапасын жақсартады. Сонымен қатар 53 елді мекенге орталықтандырылған ауызсу жүйесі алғаш рет қосылатын болады. Бұл жобаларды іске асыру үшін биыл 101 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 38,2 млрд теңге - Ұлттық қордан, 53,9 млрд теңге - арнайы мемлекеттік қордан. 3,4 млрд теңге республикалық бюджеттен бағытталған, - деді ол.
Нұржан Нұржігітовтың атап өтуінше, 2025 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша шамамен 250 шақырым су құбыры желілері салынды. Жыл соңына дейін 6 облыста 10 жоба пайдалануға беріледі деп күтіледі.
- Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 500 мың тұрғыны бар 150 ауылдық елді мекеннің сумен қамту жағдайы жақсарады. Оның ішінде 1542 тұрғыны бар 4 ауылға алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жүйесі қосылады. Сонымен қатар Ақмола, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын қайта жаңарту бойынша 6 жобаға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл жобалар 102 шақырым су құбыры желілерін қайта жаңартуды көздейді. 335 мың адам тұратын 202 елді мекеннің сумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, - деді министр.
Бұған дейін Олжас Бектенов іске асырылу мерзімі созылып кеткен таза ауыз су жобаларын атаған еді.