Биыл 6 ұйымға төрағалық ететін Қазақстан халықаралық аренада не ұсына алады

ҚР төрағалығы
Коллаж: freepik.com/ wikipedia.org

Биыл Қазақстан үшін маңызды жыл болмақ. Себебі осы жылы халықаралық алты ұйымға төрағалық етеді. Ешқашан еліміз бір жылда мұнша ұйымға төрағалық етпеген. Мемлекетіміз қандай ұйымдарға жетекшілік етеді және қандай ұсыныстар мен шаралар ұйымдастыратынын Kazinform тілшісінің материалынан оқыңыз. 

Еліміз 2024 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Түркі мемлекеттері ұйымы, Аралды құтқару халықаралық қоры, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына төраға болады.

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Мирас Жиенбаевтың айтуынша, мемлекетіміз – бүгінде жаһандық басқару жүйесінің негізін құрайтын халықаралық ұйымдардың маңызды мүшесі ғана емес, сонымен қатар көптеген өңірлік және халықаралық бастамалардың авторы.

2024 жылы әлемдік саясаттың орталық элементі деп жаһандық сайлау циклінің басталуын айтуға болады. Мұндай жағдайда тараптарды өзара байланыстырушы көпір құратын дипломатиялық процестердің маңызы арта түседі. Ал Қазақстан бір мезгілде бірнеше іргелі халықаралық ұйымға төрағалық ету кезеңіне аяқ басып отыр. Бұл қазақстандық дипломатияның ерекшелігіне айналады, – деген пікір білдірді сарапшы.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы

Қазақстанның төрағалығы аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымында Экология жылы басталды. Былтыр ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанның 2024 жылды Ұйымдағы Экология жылы деп жариялау бастамасын бірауыздан қолдады және Шанхай ынтымақтастық ұйымы Үкімет басшылары кеңесінде әзірленген іс-шаралар жоспары бекітілді.

Атап айтқанда, СІМ мәліметінше, Ұйымдағы Экология жылы Қазақстанның ұсынысымен оқу орындарында тақырыптық, сондай-ақ Ұйым хатшылығы өткізетін жекелеген шаралардан басталады. Жоба аясында экологиялық ұйымдар Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне, Дүниежүзілік су күніне, Халықаралық биологиялық әртүрлілік күніне және Дүниежүзілік орман күніне арналған іс-шараларды қоса алғанда, әртүрлі тақырыпқа арналған 20-ға жуық бірлескен шараны жоспарлап отыр.

Біз Қазақстанның төрағалығымен басталған іс-шараларды Ұйымның БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі елеулі үлесі деп санаймыз. Қазақстан қоршаған ортаны қорғау ісінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының практикалық шараларын қабылдауды одан әрі ілгерілететін болады, – деп мәлімдеді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Аралды құтқару қоры

Бұл қордың құрылғанына былтыр 30 жыл толды. Ал, биылғы төрағалық аясында 23 қаңтарда Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбайды қабылдады.

Арал
Фото: Ақорда

 

Ақорданың хабарлауынша, кездесуде Президентке Қордың қызметі мен оның алдағы жылдары, яғни Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде атқаратын міндеттері жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту қажет екенін атап өтті. Соның ішінде Орталық Азиядағы су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану, Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есептейтін, мониторинг жүргізетін, басқаратын және өзара бөлетін бірыңғай автоматтандырылған жүйені енгізу үшін ынтымақтастықтың өңірлік тетіктерін құру мәселелеріне баса назар аудару керегін айтты.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, биыл Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін бастау жоспарланған.

Сонымен қатар, Аралды құтқару бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың пікірін сұрадық. Оның айтуынша, Арал өңіріне ағаш отырғызып, жерді құнарландыру және Су министрлігінің бірқатар жобасы жоспарланып отыр.

Қазақстан биылдан бастап Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Бұл бағытта үлкен мәселені көтергендіктен нақты нәтижеге жету керек. Біз Өзбекстанға барып, Аралқұмды жасылдандырған жобасын көрдік. Олар 1,5 млн га жерге ағаш отырғызған. Біз де Аралқұмның тұзды болып жатқан жерлеріне ағаш отырғызып, құнарландыру жұмысын бастадық. Сонымен қатар, Су министрлігі де осы бағытта үлкен жобаны дайындап отыр. Соған да қатысамыз. Аралдан партиямыздың филиалын ашып жатырмыз, сол жақтың азаматтары - партиямыздың мүшесі. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан Аралды құтқару мақсатында қомақты қаржы бөлініп жатыр. Жасылдар партиясы ретінде соның дұрыс жұмсалуын бақылауға аламыз, – деді Азаматхан Әміртаев.

Айта кетейік, Қазақстан алдағы үш жылда Халықаралық Аралды құтқару қорын басқарады. Президент 2026 жылы – төрағалықтың соңғы жылында келесі саммитті өткізуді ұсынды.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы

Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалық ету міндеті Қазақстанға өтетінін мәлімдеді. Президент ұйым аясында ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі нығайтуға еліміздің елеулі үлес қосуға дайын екенін айтып, Қазақстан төрағалығы кезінде ұйым қызметінде ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағытты ұсынды.

ҰҚШҰ
Фото:akorda.kz

 

ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік саласында мүдделі елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату. Біріккен Ұлттар Ұйымымен және оның құрылымдарымен арада қалыптасқан ықпалдастық деңгейін сақтауға баса мән беруді ұсынамыз. Бұл жұмыс 2010 жылдың 18 наурызында ҰҚШҰ мен БҰҰ хатшылықтары арасында қол қойылған Ынтымақтастық туралы бірлескен декларация негізінде жүргізіледі. ТМД мен ШЫҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді құптаймыз. «ҰҚШҰ-ның ТМД-мен және ШЫҰ-мен ынтымақтастығын нығайту жөніндегі практикалық шаралар» атты құжатта оның нақты қадамдары айқындалған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әскери ынтымақтастық мәселелері бойынша қарым-қатынас та Ұйым қызметінің маңызды бағыты ретінде ұсынылды. ҰҚШҰ Ұжымдық күштерін жедел әрекет ету мәселелеріне қатысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыту ісін тағы бір басымдық ретінде атады. Оның айтуынша, ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің терроризмге қарсы қызметіне жіті назар аударылады.

Лаңкестік топтарға қосылуды жоспарлап жүрген азаматтарымыздың елден тысқары шығып кетуіне жол бермеу үшін бірлескен жұмысты жалғастырған жөн. Терроризмге және экстремизмге қатысы бар адамдарды іздеу, ұстау және экстрадициялау тетіктерін іске қосу маңызды. ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының комитеті жанындағы терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелерімен айналысатын сарапшылардың Жұмыс тобын жандандыруды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының басқа да ұсыныстарын Ақорданың сайтынан оқуға болады.

 

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы

Жалпы қауіпсіздік мәселесі 2024 жылы Қазақстан төрағалық ететін әр ұйымның күн тәртібінде тұр десе болады. Өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша әртүрлі көпжақты құрылымдардың іс-шараларын үйлестіруді күтуге болады. Мұнда, әсіресе, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының әлеуеті зор.

Биыл ұйым төрағасы ретінде Қазақстан азық-түлік жүйесін, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және азық-түлік өнімдерін жеткізудің жаңа бағыттарын қалыптастыруға, инвестициялық ынтымақтастық және гуманитарлық бағдарламаларға ерекше назар аудара отырып, ұйым қызметінің негізгі бағыттары бойынша жұмысын жалғастырады.

Айта кетейік, аталған ұйым осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанның бастамасымен құрылған. Бүгінде оған 35-тен астам мемлекет мүше және ол Ислам ынтымақтастығы ұйымы кеңістігінде азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосып келеді.

Түркі мемлекеттері ұйымы

Былтыр Түркі мемлекеттері ұйымының басшылары Астанаға оныншы саммитке жиналды. Алғашында жұмысын Кеңес ретінде бастаған ұйым соңғы жылдары қызметін жандандырды. Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан беделді халықаралық ұйым деуге де негіз бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ саммитінде Қазақстанның төрағалық ұранын айтты.

Түркі бірлігін насихаттау мақсатында төрағалығымыз «Түркі дәуірі!» немесе «Turktime!» ұранымен өтеді, – деді Президент.

Түркі мемлекеттері
Инфографика: Kazinform

 

Бұл басымдықтар Ұйымның 20-шы саммитіне дейінгі он жылдық кезеңді қамтитын қысқа және орта мерзімді кезеңге арналған, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Түркі мемлекеттері ұйымы туралы айтқанда былтыр құрылған инвестициялық қорға тоқталудың маңызы зор. Себебі ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстан Президентінің қор құру идеясын қолдап, негізгі капиталына жарна құюға да келісті.

Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әміреевтің айтуынша, алдағы жылдары қордың қаржысы бірнеше миллиард долларға жетуі мүмкін. Өйткені, оның болашағына сеніммен қарайтын халықаралық қаржы ұйымы көп.

Қор жұмысын енді бастады. Соған қарамастан, біздің елдеріміз бұрыннан ынтымақтасып келе жатқан халықаралық қаржы институттары бар – бұл Ислам даму банкі, Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкі – олар да инвестиция салуға дайын. Алдағы жылдары қорда бірнеше миллиард доллар болады деп күтіп отырмыз. Осылайша бізде үлкен капитал болады. Сонымен қатар, біз активтерді тартамыз. Өз қаражатымыздың есебінен бөлек, біз жобаларымызды қаржыландыру үшін басқа аймақтық қаржы институттарымен белсенді түрде ынтымақтасамыз, сондықтан капитал ондаған есе ұлғаюы мүмкін, өйткені Катар қоры, Сауд Арабиясы қоры, Әмірліктер қоры секілді бұл институттардың үлкен мүмкіндіктері бар. Олар бізбен жұмыс істеуге дайын, сондықтан үлкен көлемде қаржы күтеміз. Осылайша, біз қаржы институты ретінде ғана емес, инвестициялар тарту институты ретінде де әрекет етеміз. Бұл оның маңыздылығын айқындап отыр, деген болатын Бағдат Әміреев Kazinform тілшісіне эксклюзив сұхбатында.

 

Дипломаттың айтуынша, қордың қаржысы негізінен ортақ жобаларға, оның ішінде ірі жобалармен қатар, шағын және орта бизнес субъектілерін де қамтиды. Сондай-ақ, қорды құру өңірішілік сауданы дамытуға, шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға, көліктік және логистикалық тізбектерді, қойма және өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуді қолдауға, цифрлық инфрақұрылымды құруға және жаңғыртуға, өнеркәсіп өндірісін, инфрақұрылымды, көлік, ауыл шаруашылығын қоса алғанда, өзара қызығушылық тудыратын салаларда даму жобаларын қолдауға жәрдемдесетін болады, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, жасыл экономика, туризмге де бағытталады.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес

Қазақстан - биыл Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) де төраға. Ұйым төрағалығының басымдықтарын іске асыру бойынша АӨСШК хатшылығының Жол картасына қол қойылды.

Жол картасы – Қазақстанның АӨСШК төрағалығының қарқынды күн тәртібін және ұйымға мүше мемлекеттер хатшылыққа жүктеген барлық міндетті жүзеге асыру бойынша жүйелі түрде жаңартылатын іс-шаралар жоспары.

Құжатта, басқалармен қатар, жақында АӨСШК мақұлдаған АӨСШК Трансформациялау жол картасының сегіз кластері бар.

Стратегиялық бағытқа қосымша, хатшылық Жол картасы АӨСШК басқарушы және жұмыс органдарының негізгі қызметтерін, институционалдық даму және АӨСШК бақылаушылары, серіктестерімен ынтымақтастық мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ, құжат Сенім шаралары каталогының басым бағыттары бойынша тұжырымдамалар мен іс-шаралар жоспарларын жаңартудағы хатшылық бастамаларын көрсетеді, – деп хабарлады ұйымның баспасөз қызметі.

Жол картасы хатшылықтың 2024 жылға дейінгі сенім шараларына қатысты қызметін бағыттайды. Сондай-ақ, ол АӨСШК Хатшылығының әлеуетін арттыруды көздейді.

Сонымен қатар, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев кеңестің Астанада өткен VI саммитінде айтылған бастамаларға назар аударып, оны толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруды көздейтін Жол картасын іске асыру тетіктеріне тоқталды.

Астанада өткен Саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2022-2024 жылдары Ұйымға төрағалығы кезеңіне арналған басымдықтарды айқындап берді. Олардың қатарында Еріктілер қозғалыстары көшбасшыларының слетін өткізу, Мүше мемлекеттердің жетекші университеттерінің әріптестік желісін құру, Экология мәселелері бойынша жоғары деңгейлі конференция ұйымдастыру, Орнықты өзара байланыс жөніндегі кеңес құру сияқты бастамалар бар. Сенат Кеңесті институционалды тұрғыдан дамытуға арналған міндеттерді іске асыруға заңнамалық қолдау көрсетуге дайын, – деді Мәулен Әшімбаев ұйымның бас хатшысымен кездесуде.

Еліміздің бірнеше ұйымға төрағалығына қатысты түйінді сарапшы Мирас Жиенбаетың пікірімен қорытындылаймыз. Оның сөзінше, Қазақстан әлемдік аренадағы ең серпінді «орта мемлекеттердің» бірі ретінде тұрақтылықты сақтау мақсатында халықаралық ынтымақтастықтың неғұрлым тиімді негіздерін құруды іздестіруге елеулі үлес қоса алады.

Біздің еліміз Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы төрағалығы әлеуетінің синергетикасын қамтамасыз етуді басшылыққа алады, оның табысты болуы жалпы бүгінгі және болашақ мәселелері бойынша диалогтан ұтымды әрекеттерге көшу үшін жүйелі мәнге ие болады. Дипломатиялық дәстүріміздің елеулі оң тәжірибесін пайдалана отырып, Астана екіге қақ жарылған әлемдегі дипломатияның ең белсенді орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Сонымен қатар, геосаяси шиеленістердің күшеюі жағдайында конструктивті бейбіт диалог пен дипломатияны қолдау кеңістігін кеңейтеді, – деп түйіндеді Мирас Жиенбаев.

Соңғы жаңалықтар