Биыл 9 айда 2,5 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 9 айда 2,5 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
— Тамақ өнімдері өндірісі тұрақты өсім көрсетіп отыр. Осы жылдың 10 айында тамақ өндірісі 3,1 трлн теңге болып, өткен жылдан 9,1 пайызға артты. Жыл соңына дейінгі жоспар — 9,3 пайыз. Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестициялар 60 пайызға өсіп, 225 млрд теңге болды, — деді ол.
Оның айтуынша, қайта өңделген өнімдердің экспорты бойынша да оң динамика байқалады.
— Биыл 9 айда экспорт көлемі 2,5 млрд АҚШ доллар болып, өткен жылдан 32,4 пайызға артты. Өсімнің едәуір бөлігін ұн және май өндірісі салалары қамтамасыз етіп отыр. Аталған кезеңде ұн өндірісі 2,8 млн тоннаға жетіп, өткен жылдан 7%-ға ұлғайды, өсімдік майы 21,7%-ға өсіп, 726 мың тонна болды. Сүт өндірісі 4,7%-ға ұлғайып, 550 мың тоннаға жетті. Жарма 10%-ға, шұжық өнімдері 7,8%-ға артты, — деді Айдарбек Сапаров.
Министр саланы ынталандыру шаралары қабылданып жатқанын айтты.
— Қайта өңдеу саласы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша жылдық 2,5 пайызбен несиелендірілетін бағыттар тізбесіне енгізілді. 2024 жылдан бастап айналым қаражатын толықтыруға 5 пайыздық жеңілдетілген несие беріліп, 12 кәсіпорын 35 млрд теңгеге қаржыландырылды. Биыл 44,3 млрд теңге бөлініп, шамамен 100 кәсіпорын қамтылды. Келесі жылы қаржыландыру көлемін 1,5 есеге ұлғайту жоспарланып отыр, — деді ол.
Айта кетелік индустриялық алаңдарды басқарудың жаңа тетіктері әзірленеді.