Биыл Абай облысын сумен жабдықтау бойынша 53 жоба жоспарда

әкім
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысының құрылғанына көп бола қойған жоқ. Абай, Шәкәрім, Мұхтарлардың кіндік қаны тамған өңір бүгінде қарқынды даму жолына түсті. Осыған орай, агенттіктің «Әкімге сұрақ» айдары аясында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевты сөзге тартып, өңірдің тыныс-тіршілігі, жүзеге асырылып жатқан жобалар және басқа да мәселелерге қатысты пікірін білген едік.

Семей
Фото: Абай облысының әкімдігі

- Нұрлан Телманұлы, жылдар бойы Семейге билік тарапынан еш көңіл бөлінбеген деген қауесет бар. Ал бүгінде Семей өңірінің Шығыс Қазақстан облысынан бөлініп, Абай облысы болып құрылғанына, яғни жаңа тынысының ашылғанына 1,5 жылдан астам уақыт өтіпті. Осы аралықта өңірде қандай өзгерістер болды? Мемлекет тарапынан бөлінетін дотация көлемі артты ма?

- Былтыр облыс бюджетінің көлемі 418,8 млрд теңге немесе 2022 жылмен салыстырғанда 63,6 пайызға (2022 жылы – 256 млрд теңге) көбейді. Облыс орталығы Семей қаласын абаттандыруға ерекше көңіл бөлінді. 14 қоғамдық кеңістік жабдықталды, 71 аула жөнделді. 62 көшеде жарықтандыру шамдары орнатылды. 41 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттерін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Семей
Фото: Абай облысының әкімдігі
Семей
Фото: Абай облысының әкімдігі

Сонымен қатар, инвесторлар арқылы аспалы көпірдің астында Ертіс өзенінің екі жағалауында қоғамдық кеңістік орнатылды, Қабанбай батыр көшесінен Дулатов көшесіне дейін, Абай көшесінен Шмидт көшесіне дейін абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

қала
Фото: Абай облысының әкімдігі

Кешенді даму жоспарында жоғары стандарттарға сәйкес келетін жаңа урбанистік тәсілді және «жасыл қала» идеясын ескере отырып, Семей қаласын дамытудың Бас жоспарын әзірлеу көзделген. Осы мақсатқа бюджеттен 384,4 млн теңге бөлінді. Жұмыс басталды, аяқталу мерзімі – 2024 жылдың шілде айы.

2023 жыл қорытындысы бойынша 106,8 пайыз өсу қарқынымен 363,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

қала
Фото: Абай облысының әкімдігі

Көлік инфрақұрылымын дамытуға былтыр 12,8 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 235 шақырым жергілікті маңызы бар жолға - 9,9 млрд теңге, 77 шақырым кентішілік жолдарды орташа жөндеуге 2,9 млрд теңге бөлініп игерілді. Семей қаласында 40 көше (50 шақырым) орташа жөндеуден өтті.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында өткен жылы Семей қаласында 19,3 млрд теңгеге 24 шақырым жылу желілері жаңартылды. Облыста 53 сумен жабдықтау жобалары іске асырылып жатыр. Оның ішінде 27 жоба – 2024 жылға өтпелі. 2023 жылы 6 нысан іске қосылды.

Білім саласында бүгінгі күнге облыс бойынша 8,6 мың оқушы орын тапшылығы бар. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдарға 5 700 орынға 11 мектеп салу жоспарланған. Өткен жылы 5 мектеп құрылысы қолға алынды. Биыл тағы 6 мектептің құрылысы басталады. «KAZ Minerals Management» АҚ қаржысы есебінен 1 200 орынға мектеп салынып жатыр. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 510 орынға 6 шағын жинақы мектеп, жұмыс істеп тұрған мектептерге 2100 орынға 6 қосымша ғимарат салу жұмыстары жүргізіледі.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында 2025 жылға дейін облыста 10,8 млрд теңгеге 65 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарының құрылысын салу жоспарланған. Оның 15-і – дәрігерлік амбулатория, 10-ы – фельдшерлік-акушерлік пункт, 40-ы – медициналық пункт. Басты міндеттердің бірі – медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектілерін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйелеріне қосу. Ол үшін аудан әкімдіктері жобалық-сметалық құжаттама әзірледі. Бүгінде 43 жобаның сараптамасына оң қорытынды алынды. Сонымен қатар, өткен жылы әр аудан 5 жылға әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларын бекітті.

Жалпы 2023 жылы ауылдарда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға 35 млрд теңге бағытталған. Оның ішіне сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру жұмыстары кіреді. Өткен жылы аудандарда 213 шақырым жол жөнделді, 87 шақырым көшені жарықтандыру жаңғыртылды, 11 ауылда су құбыры желілері, 2 спорт нысаны мен 1 мәдениет үйі салынды, 10 әлеуметтік нысанда күрделі жөндеу жүргізілді.

желі
Фото: Абай облысының әкімдігі

- Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан бай аймақты жан-жақты дамыту бағытындағы жоспарларыңыз қандай, жақын арада аймақта қандай негізгі нысандар пайда болады, салына ма? Инвестициялар қалай тартылады?

- Облыстың 2028 жылға дейінгі инвестициялық жобалар пулына 7,7 мың жұмыс орнын құрумен 2,2 трлн теңгеге 28 жоба енгізілген. Олар көбінесе түсті металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, тау-кен өндіру, тамақ, ағаш өңдеу және құрылыс индустриясы салаларындағы жобалар. 2023 жылы 22,3 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба қолданысқа берілді. Биылғы жылы 470 жаңа жұмыс орнын құрумен 12 жобаны іске асыру жоспарланған.

Жалпы 2028 жылға дейін Кешенді даму жоспары ауқымында келесі жобаларды іске асыру көзделіп отыр:

  • Тау-кен байыту комбинатын одан әрі салумен «Айдарлы» мыс кен орны мен «Жанар» жерасты сулары кен орнын өнеркәсіптік игеру;
  • Күнбағыс майын құю және өлшеп-орау желісі бар өңдеу цехын салу;
  • Көкентау ауылдық округіндегі Суздаль кен орнында металлургиялық зауыттың СIL учаскесі үшін көмірді десорбциялау және электролиз цехын салу;
  • Хромиттерді байыту және жоғары көміртекті феррохром өндіру зауытын салу.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша Бесқарағай және Жарма аудандарында 1 800 басқа арналған 2 сүт-тауар фермасын және 1 000 басқа арналған 1 бордақылау алаңын салу, суару жүйелері мен суару учаскелеріне инфрақұрылым салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің 3 объектісін ашу, ауыл шаруашылығы өндірістерін жаңғырту жоспарланған.

Үржар ауданында туристік ағымды ұлғайту мақсатында «Alazone Arena» концерттік алаңында «Alakol Fest» концерттік-ойын-сауық және спорттық іс-шараларын өткізу және 2025 жылы 3 қонақ үй мен мейрамхана салумен осы алаңды кеңейту жоспарланып отыр. 2026 жылға демалыс базасының құрылысы жоспарланған.

Кешенді даму жоспарында жаңа автокөлік құрылысы, Семей қаласындағы аспалы көпірді қайта жаңарту, сондай-ақ Үржар ауылындағы әуежай терминалын қайта жаңарту жобалары көзделіп отыр. Сондай-ақ, 2024-2027 жылдарға Құрғақ порт пен логистикалық парк құра отырып, «Бақты-Аягөз» теміржол желісінің құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар, Семей қаласында «Кедентранссервис» АҚ жүк учаскесінің базасында көлік-логистикалық қуаттарды дамыту көзделген.

теміржол
Фото: Абай облысының әкімдігі
Бақты
Фото: Абай облысының әкімдігі

Қазіргі уақытта «Семей қаласында ЖЭО-3 салу» жобасы техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеу сатысында. Аягөз, Курчатов қалаларында және Көкпекті ауылында жылу көздерін салу, Семей қаласының қазандықтары мен жылу пунктілерін реконструкциялау, Семей қалаларында жылу, электр, су құбыры, кәріз желілерін қайта жаңарту, сондай-ақ Курчатов, Аягөз қалаларында кәріз-тазарту құрылыстарын салу жоспарланған.

Облысты дамытудың Кешенді жоспарына бюджет есебінен Семей қаласында қоқыс сұрыптау желісін орналастыру үшін құрылысы бар жаңа заманауи қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы енгізілген. Кешенді жоспарды іске асыру бойынша өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде қаласы аумағының жинақы құрылысы қамтамасыз етіледі және 14 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құра отырып, инженерлік-көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және дамытуға қол жеткізілмек.

- Елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде дамыту үшін қандай шаралар қабылданады?

- Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 11-бабы 2- тармағына сәйкес «Абай облысы Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі «тарихи-мәдени құндылықтарды анықтау, зерделеу, қалпына келтіру, қорғау және пайдалану ісінің нығаюы мен дамуына бақылауды жүзеге асырады».

Семей
Фото: Абай облысының әкімдігі

Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі «Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» №88 бұйрығы мен Абай облысы әкімдігінің 2023 жылғы 20 наурыздағы «Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» №58 қаулысына сәйкес, қалада 68 тарих және мәдениет ескерткіші тіркелген. Олардың 10-ы республикалық, 58-і жергілікті маңызы бар ескерткіш саналады. 35 сәулет және қала құрылысы, 17 монументалды өнер, 16 тарих және археологиялық ескерткіш бар.

Тарих және мәдениет нысандарының 10-ы жеке меншікте, 58-і мемлекеттік мекемелердің теңгерімінде. Ғимараттарды жөндеу жұмыстары аталған мекемелер құзыретінде. Қазіргі уақытта уәкілетті орган - Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мекемесі өңір бойынша тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау жөніндегі Жол картасын әзірлеп жатыр.

полигон
Фото: Абай облысының әкімдігі

Қалада тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтау, зерделеу, қалпына келтіру, қорғау және пайдалану жұмыстарын жүргізу үшін Абай облысы Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанынан білікті мамандардан тұратын жұмыс тобы құрылды. 2023 жылғы 25 желтоқсанда «Архитектуралық құндылықтар: Өткенді бейнелейтін тарихи ғимараттар» тақырыбында жұмыс тобының алғашқы отырысы өтіп, онда қаладағы бірқатар ғимаратты жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізу мәселесі көтерілді.

Сондай-ақ, жергілікті өлкетанушылардың ұсынысы негізінде Найманбаев және Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысындағы ғимараттардың тарихи көрінісін қалпына келтіру бойынша жаңа жоба қолға алынып отыр. Қазіргі уақытта оның эскизі әзірленіп жатыр. Осы бағытта тұрақты түрде жұмыстар атқарылатын болады.

- Семей облыс мәртебесінен айырылғаннан кейін қаланың күйі кетті, коммуналдық желілері әбден тозды. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен қалаға да, өңірге де жіті назар аударыла бастады. Қалада жылу электр орталығы да салынатын болды. Осы нысан құрылысы қашан басталады? Қала тұрғындары игілігіне қашан беріледі?

- Облыс бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы - 413 шақырым, оның ішінде Семей қаласында - 326 шақырым. Тозу деңгейін төмендету мақсатында 2023 жылы Семей қаласында 24 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға 9 жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 19,3 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 3,5 млрд теңге облыс әкімдігіне жылу желілерін қайта жаңарту бойынша 7 жобаны (18,2 шақырым) іске асыруға жоспарлы түрде бөлінді. Қосымша, 2023 жылғы шілдеде Семей қаласында 5,8 шақырым магистральдық жылу желілерін қайта жаңарту бойынша 2 жобаны іске асыруға Үкімет резервінен 15,8 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр.

2023 жылдың қорытындысы бойынша 24 шақырым магистральдық жылу желілері немесе төсеу жоспарынан 100 пайызы төселді. Бұл өз кезегінде Абай облысы бойынша жылу желілерінің тозуын 75 пайыздан 66 пайызға дейін төмендетті. Бұдан басқа, 2023 жылғы республикалық бюджетті түзету аясында Семей қаласында 4 жобаны іске асыруды бастауға қосымша 365,2 млн теңге бөлінді, ауыспалы жобалар, 2024 жылы аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджет жобасында 2024 жылы 9 жобаны іске асыруға 7,8 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген.

желі
Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысы бойынша ауыз су желілерінің ұзындығы 3 196,1 шақырымды құрайды. Оның 47,5 пайызы тозған (1 517,9 шақырым), жөндеуді қажет етеді. Семей қаласы бойынша ауыз су желілерінің тозуы 59,7 пайызға жетіп отыр. 2023 жылы «Қуатты өңірлер – елді дамуының драйвері» ұлттық жобасы ауқымында 12 елді мекенде ауыз су желілерін салу және қайта құру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 5 720 адам таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2024 жылы облыс көлемінде сумен жабдықтау бойынша 53 жоба жоспарланған.

Бүгінгі таңда «Семей қаласында ЖЭО-3 құрылысы» жобасын іске асыру үшін Степной кентінде жер учаскесі анықталды. Облыс әкімдігі техникалық параметрлер бойынша ұсыныс енгізді. Оған сәйкес жаңа ЖЭО-ның электр және жылу қуаты 360 МВт және 1200 Гкал/сағ құрауы тиіс. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу аяқталу сатысында тұр.

- Абай облысындағы мектептерде орын жетіспейтіндігі айтылған еді. Осы мәселені қалай шешесіздер?

- Бүгінгі таңда облыстағы 302 мектептің 45 мектебінде 8 698 оқушы орын тапшылығы бар. «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында облыста 5 700 оқушыға арналған 11 мектеп (Семей қ. – 3 600 орындық 5 мектеп, Аягөз ауд. - 900 орындық 2 мектеп, Ақсуат ауд. – 600 орындық 2 мектеп, Бесқарағай ауд. - 300 орындық 1 мектеп, Жарма ауд. - 300 орындық 1 мектеп) салу жоспарланған.

Былтыр 3 000 орынға арналған 5 мектептің құрылысы басталды:

  • Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданы – 1 200 орындық орта мектеп;
  • Семей қаласының Водный кенті - 600 орындық ОМ;
  • Ақсуат ауданы, Ақсуат ауылы - 300 орындық ОМ;
  • Бесқарағай ауданы, Бесқарағай ауылы - 300 орындық ОМ;
  • Аягөз қаласының Ет комбинаты шағын ауданы - 600 орындық ОМ.
құрылыс
Фото: Абай облысының әкімдігі

Биыл 6 мектептің құрылысын бастау жоспарланған:

  • Семей қаласының Ақсай кенті - 600 орындық ОМ;
  • Семей қаласының Восточный (оң жақ) кенті - 300 орындық ОМ;
  • Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданы - 900 орындық ОМ;
  • Аягөз ауданының Ақтоғай кенті - 300 орындық ОМ;
  • Ақсуат ауданының Екпін ауылы - 300 орындық ОМ;
  • Жарма ауданының Қалбатау ауылы - 300 орындық ОМ.

Жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан 2023 жылы 8 020,0 млн теңге бөлінді. 2024 жылға Ұлттық қордан 12 092,984 млн теңге қарастырылған. «KAZ Minerals Management» ЖШС-мен меморандум аясында Семей қаласында 2023 жылы 1 200 орындық мектеп құрылысы басталды.

«Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында келесі құрылыстар жоспарланған:

  • 2 100 орындық 6 жалпы білім беретін мектепке қосымша (Семей қ. – 2, Аягөз қ. – 2) Білім беруді қолдау және инфрақұрылым қоры есебінен;
  • 510 орындық 6 шағын жинақты мектеп (Үржар ауд. – 2, Жарма ауд. – 2, Ақсуат ауд. – 1, Бесқарағай ауд. - 1) Білім беруді қолдау және инфрақұрылым қоры есебінен.
Семей
Фото: Абай облысының әкімдігі
Семей
Фото: Абай облысының әкімдігі
Ертіс
Фото: Абай облысының әкімдігі
Ертіс
Фото: Абай облысының әкімдігі

 

Соңғы жаңалықтар