Биыл Ақкөл-Жайылма лимандарына 115 млн текше метр су жіберілген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екі айдың ішінде Қаныш Сәтбаев атындағы канал арқылы 21 мың гектардан астам лиманды жерлер суға қаныққан.

Лиманды алқаптар Екібастұздың Екібастұз, Ақкөл, Сарықамыс ауылдық округтерінде және Ақтоғай ауданының Жолболды, Басқамыс, Жалаулы ауылдық округтерінде орналасқан.

— Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл көктемде 115 млн текше метр су жіберуді мақұлдаған. Бұл шешімді біз сәуір-мамыр айларында толығымен орындадық. Әуелі 4 сәуірде Сәтбаев атындағы каналдың № 112 шлюзі ашылды. Одан кейін өзге бірнеше шюзден су босаттық. Нәтижесінде Ақкөл-Жайылмадағы лимандар жалпы көлемі 115 млн текше метр су алды, — деп хабарлады «ҚазСуШар» РММ-нің Павлодардағы филиалынан.
Бұған қоса кәсіпорын Май ауданындағы Қолыбай лиманына да су жіберді. 14 597 гектардың 12 мыңнан астам гектарын «ҚазСуШар» суландырған.
Биыл Сәтбаев каналынан Шідерті өзені жайылмасына рекордық көлемде су жіберілетінін хабарлағанбыз.