Биыл Алматы облысында 61 мың жаңа жұмыс орны ашылады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында бір аптада 995 жаңа жұмыс орны ашылды.

Өңір әкімдігінен мәлім еткендей, ең көп жұмыс орны білім беру саласында. 112 мұғалім мен тәрбиеші мектептер мен балабақшаларға жұмысқа қабылданды. Жаңа мамандардың басым бөлігі Қарғалы ауылындағы №1 мектеп-лицейге, Райымбек ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне және А. Бейсеуов атындағы орта мектепке орналасты.
Денсаулық сақтау саласы да жаңа кадрлармен толықты. Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасы мен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына 45 медициналық маман жұмысқа алынды.Бұдан бөлек, көлік және қойма шаруашылығы саласына – 65 адам, өнеркәсіпке – 24 адам,балық шаруашылығына – 15 адам, құрылысқа – 10 адам жұмысқа орналасты.
Жаңадан ашылған 995 жұмыс орнының 567-сі субсидияланған, ал 428 бос жұмыс орны enbek.kz порталына жарияланды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова бұл бағытта жұмыстың жалғасатынын жетікзді.
– Жаңа жұмыс орындарын ашу – біздің басты міндетіміз. Біз жұмыс берушілермен тығыз байланыстамыз, жұмыс іздеушілерге қолайлы бос орындарды таңдауға көмектесеміз. Әрбір азаматтың тұрақты жұмыспен қамтылып, отбасын асырауға мүмкіндігі болуы маңызды,– деді ол.
2025 жылы Алматы облысында 61,2 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Осыған дейін 2025 жылы Қазақстанда қандай мамандықтарға сұраныс жоғары болатыны туралы жазған едік.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, 2025–2030 жылдары елімізде түрлі салада 1,6 млн маман қажет болады. Оның ішіне жоғары, орта, арнайы білімі бар мамандар, басшылар және арнайы біліктілігі жоқ жұмысшылар енеді.