Биыл Алматыда қаңғыбас жануарларды аулауға 580 млн теңге бөлінді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Былтыр Алматы қаласының ветеринарлық қызметі 6400 ит пен 120 мысықты ұстаған.

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына қарасты Алматы ветеринарлық қызметі Kazinform агенттігінің сауалына жауап беріп, қаңғыбас жануарларды аулау және ұстау жұмысы қалай жүретінін түсіндірді.
Мекеме мәліметінше, мегаполисте адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуын, сондай-ақ адамдарға, ең алдымен балаларға қауіпті иттердің шабуылын болдырмау мақсатында қараусыз және қаңғыбас жануарлардың санын реттеу бойынша жүйелі түрде аулау жұмыстары жүргізіледі.

2024 жылы Алматы қаласында 6 400 ит және 120 мысық ұсталған. Оның ішінде 2 847 ит және 120 мысық вакцинацияланып, стерилизация процедурасынан өтті.
Былтыр бұл жұмыстарға 429 миллион теңге бөлінсе, биыл қаңғыбас және қараусыз қалған жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру үшін жергілікті бюджеттен 580 млн теңге бөлінді.
- Ауланған жануарлар уақытша ұстау пунктіне орналастырылып «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның аясында иесі жоқ екені дәлелденген иттер 5 күн аралағында уақытша ұстау пунктінде ұсталып, кинолог маманның жануардың қауіптілігін анықтау тексерісінен кейін жансыздандырылады немесе АСВБ (аулау-стерилизациялау-вакцинациялау-босату) бағларламасына сай өздерінің мекендеген жерлеріне жіберіледі. Сонымен қатар қала тұрғындары ит алуға ниеттелген жағдайда, адопция шарты арқылы жаңа иесіне беріледі, - делінген ветеринарлық қызмет жауабында.

Ресми мәліметке сәйкес, Алматы қаласында ұсталған қараусыз иттерді орналастыруға арналған бір ғана уақытша ұстау пункті бар. Атап айтқанда, пункт Түрксіб ауданы, Спасская 150/1 мекенжайында орналасқан. Онда ұсталған жануарларды қабылдау және тіркеуді ветеринариялық маман жүзеге асырады. Уақытша ұстау пунктіне келіп түскен қаңғыбас иттер клиникалық тексеруден, диагностикалық және кинологиялық тестілеуден өтеді. Қаңғыбас жануарды стерилизациялау туралы шешім төртінші күні қабылданады. Жануарларға операция жасалған күннен бастап ұрғашы иттер 10 күн, еркек иттер 3 күннен кейін операция орны жазылған соң бұрынғы мекен еткен орнына жіберіледі.

Ветеринариялық паспортты қалай алуға болады
Kazinform тілшісі Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасынан үй жануарының басты құжаты - ветеринариялық паспортты қалай алуға болатынын және қандай жануарларға берілетінін сұрады.
Басқарма жауабына сәйкес, ветеринариялық паспорт ауыл шаруашығында пайдаланылатын жануарларға (ірі қара мал, ұсақ мүйізді мал, жылқы, түйе және т.б.) және үй жануарларына (ит, мысық, құс және т.б.) беріледі.
- Алматы қаласының тұрғындары үй жануарларына ветеринариялық паспортты, ем-шаралар жүргізетін жеке ветеринариялық клиникалардан алады. Алматы аумағында 2023 жылы 64 бас, 2024 жылы 36 бас үй жануарына ветеринариялық паспорт берілді, - деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында лимфангит дертінен жылқылар қырылып жатқанын жазғанбыз.