Биыл Алматыда қанша ескі үй сүріледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мегаполисте негізінен 50 жыл бұрын салынған ескі ғимараттар іріктеп алынған. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігіне қарасты күрделі құрылыс кәсіпорнының Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған.

Былтыр мәслихат шешімімен Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі жаңа тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы бекітілген.
— Аталған бағдарламаға 1930 жылдан 1980 жылға дейінгі кезеңде салынған, екі қабатқа дейінгі тозығы жеткен немесе апатты көппәтерлі тұрғын үйлер, жеке тұрғын үйлер, өнеркәсіптік, коммерциялық, қоғамдық және басқа да кешенді құрылыс пен инфрақұрылымды өзгерту қажет ететін объектілер енгізілді. Реновацияға кіретін нысандардың тізбесін Алматы қаласының атқарушы органы сейсмотұрақтылық бойынша ғылыми-зерттеу институттарының қорытындылары негізінде анықтап, оны Алматы қаласы мәслихатының құрылыс, сәулет, урбанистика, жер қатынастары және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясымен келісу арқылы жергілікті атқарушы органның қаулысымен бекітеді, — делінген жауапта.
Сондай-ақ бағдарламаға енгізілген көппәтерлі үйлер мен басқа да реновациялау нысандарының сүрілу кезектілігі олардың техникалық жай-күйін ескере отырып, реновация офисімен белгіленеді.

Меншік иесіне таңдау беріледі: баспана немесе өтемақы
Жаңа бағдарлама бойынша ескі үй бұзылғанда меншік иесінде пәтерін жаңа пәтерге ауыстыру немесе нарықтағы бағасына қарай ақшалай өтемақы алу мүмкіндігі беріледі.
Пәтер айырбастау бұрынғыдай «бөлмені бөлмеге» қағидасы бойынша жүзеге асады. Мысалы, тұрғын санына қарамастан 1 бөлмелі пәтер үшін тек 1 бөлмелі пәтер алуға болады. Бұрын айырбастау мүмкіндігі ғана болған еді.
Реновацияны бюджет қаржыландырады
Реновация бағдарламасын қаржыландыру әкімдікке, нақты айтқанда күрделі құрылыс кәсіпорнына ауысады (КҚК). Жаңа тұрғын үй салу және қоныс аудару қорына пәтер сатып алу үшін қаражат республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінеді.
Жеке инвесторлар тек бағдарлама әкімшісі — «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қатысады.
КҚК инвесторларға ескі үйді сатып алу, жаңа үйлер мен сыртқы инженерлік желілерді салу үшін несие береді.

Ескі үйлер санаттарға бөлінеді
Жаңа бағдарламада барлық ескі үй мынандай категорияларға бөлінген:
— инвестиция жасауға болмайтын объектілер; яғни, апатты жағдайдағы және сейсмологиялық жарықта, қызыл сызықта орналасқан, жер телімінің аз бөлігін алып жатқан үйлер жатады. Жеке құрылыс салушылар мұндай жерлерге қызықпайды, өйткені ол жерге жаңа тұрғын үй кешенін салу мүмкін емес.
— инвестиция жасауға болатын объектілер; жеке құрылыс салушылар тек осы санат бойынша тұрғын үй сала алады. Бірақ жобада қабат пен халық саны сияқты талаптар ескеріліп, қаланың жаңа бас жоспарына сай болуы керек.
Kazinform оңтүстік астанада қанша ескі үй бар және бағдарламаға сәйкес неше баспана бұзылатыны жөнінде сұрады.
— Қазір Алматы қаласында 43 мыңнан астам адам тұратын 1366 тозығы жеткен үй бар, 2025 жылы бағдарламаға сәйкес 78 ескі үй бұзылады. Бағдарлама аясында 2030 жылға дейін 676 ескі көппәтерлі тұрғын үйге реновация жүргізу жоспарланып отыр, — деп жазылған компания жауабында.

Еске салайық, Алматыдағы ескі үйлердің 40%-дан астамы Түрксіб ауданында орналасқан.
Осыған дейін Алматының бұрынғы әкімі бұзылатын ескі үйлер үш санатқа бөлінетінін айтқан болатын.