Биыл Алматыдағы 12 лагердің төртеуі ғана жұмыс істейді

Алматы
Фото: Алма Мұқанова

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл Алматы қаласында 3 000-ға жуық бала жазғы демалысын лагерде өткізеді. Негізгі басымдық көпбалалы және тұрмысы нашар отбасындағы жеткіншектерге беріледі. 

«Өрнек» лагерінің әдіскері Ақсұңқар Арысбайдың сөзінше, қала сыртындағы демалыс орнының ерекшелігі көп. Жаз мезгілінде мұнда балалар үшін ғылыми-техникалық, спорттық, экологиялық-биологиялық, туристтік-өлкетану және көркем-эстетикалық бағыттар бойынша шеберлік сабақтар мен көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады.

«Осы жылы біздің лагерде балалар демалып қана қоймайды, сонымен қатар білім де алады. Биология, нейротехнологияны меңгереді. Кішкентай демалушылар өз зымырандарын құрастырып, жұлдыздар мен күнді зерттейді», - дейді лагерь әдіскері.

Алматы
Фото: Алма Мұқанова

Қазір мұнда жетім балаларға арналған «Жанұя» мамандандырылған кешенінің 4 пен 18 жас аралығындағы 88 тәрбиеленуші демалып жатыр. 

Алматы
Фото: Алма Мұқанова

Айта кетейік, балалардың демалыс маусымы басталмас бұрын Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері қала лагерлерінде мониторинг жүргізді.

«Биыл жазғы лагерлерде бақылау күшейтілді. Бірінші кезекте, балалардың қауіпсіздігі назарға алынды. Басқа форматқа көштік. Яғни, № 64-қаулыны қолдандық. Талапқа сай келмейтін сауықтыру орындарының жұмыс істеуіне рұқсат берілген жоқ. Осылайша, 12 лагердің тек 4-ін ғана қабылдадық», - дейді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Жалпы осы маусымда Алматыда 3 мыңнан астам баланы жазғы демалыспен қамту көзделген.

Соңғы жаңалықтар