Биыл Алматыдан 4 жаңа әуе бағыты ашылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2026 жылы халықаралық әуе бағыттары мен рейстерінің саны артады. Бұл туралы Алматы қаласының туризм басқармасы хабарлады.

Биыл Алматыдан 4 жаңа әуе бағыты ашылады
Фото: Pexels

2026 жылдың мамыр айынан бастап Варшаваға (Польша) тұрақты рейстер, ал маусым айынан бастап жазғы бағдарлама аясында Кипрге ұшақтар қатынай бастайды. Сондай-ақ биыл Алматыдан Токиоға (Жапония) мен Шэньчжэньге (Қытай) жаңа рейстер іске қосылуы тиіс. 

Туризм басқармасының мәліметінше, жаңа бағыттар бойынша рейс аптасына екі рет орындалады деп жоспарланған. Бұл туристік ағынның артуына септігін тигізіп, мегаполиске шетелдік қонақтарды көбірек тартуға мүмкіндік бермек. 

Сонымен қатар қолданыстағы бағыттар бойынша, әсіресе Қытаймен арадағы рейстер саны артады. Өткен жылдың соңында Чэнду қаласына рейс ашылған болатын. Жалпы бүгінде Алматы мен Қытайдың Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Үрімжі және Ханчжоу сияқты қалалары арасында әуе қатынасы бар. Осылайша, Алматы мен Қытай арасындағы рейстер саны аптасына 84-ке жетпек.

Еске салайық, бұған дейін Ереван, Алматы және Ақтау қалаларын жаңа әуе бағыттары байланыстыратынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар