Биыл ӘМСҚ бизнес-процестерін автоматтандыру жұмыстары аяқталуы тиіс - Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бизнес-процестерін жаңғырту баяу жүріп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

п
Фото: Үкімет

- Бүгінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау жүйесінің негізгі буыны саналады. Бірақ қордың бизнес-процестерін жаңғырту баяу жүріп жатыр. Әсіресе жоспарлау, төлем жүргізу және сатып алу бөлігінде ұзаққа созылып кетті. Сондықтан қор жұмысты барынша жандандыруы қажет. Медициналық көмекті қолжетімді, тұрақты әрі азаматтардың талаптарына сай ету үшін денсаулық сақтау жүйесінде үйлесімді және шұғыл шаралар қабылдануға тиіс, - деді Үкімет басшысы.

Осыған орай Премьер-министр бірқатар министрлік пен өңір әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ең алдымен Денсаулық сақтау министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін қордың бизнес-процестерін автоматтандыру мен оңтайландыру жұмыстарын аяқтауы тиіс. Сондай-ақ азаматтар мен медициналық ұйымдар үшін ыңғайлы сервистерді енгізе отырып, цифрлық платформаны толықтай қайта қарағаны жөн.

- Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, биыл 1 желтоқсанға дейін медициналық сақтандырудың жаңа нормаларын ақпараттық-түсіндіру бойынша жұмыс жоспарын әзірлеп, іске асырсын. Бұқаралық ақпарат құралдарын, цифрлық алаңдарды, әлеуметтік желілерді, өңірлік іс-шараларды барынша пайдаланған жөн. Үшіншіден, өңір әкімдіктері мен Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек сапасын арттыру бойынша пәрменді шаралар қабылдап, сақтандыру жүйесіне жарна төлеуге қатысты міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Жергілікті деңгейде енгізіліп жатқан өзгерістерді іске асыруға әкімдіктерді барынша жұмылдыру керек, - деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, 2026 жылы электронды денсаулық паспорттары азаматтарға толыққанды қолжетімді болады.

 

Соңғы жаңалықтар