Биыл Атырау параволейболшылары ел чемпионатында екі мәрте жеңімпаз атанды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Ел құрамасы ойыншыларының басым бөлігін құрайтын «Атырау» командасы биыл екінші мәрте жеңімпаз атанды.

параволейбол
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Атырауда 20-25 қараша аралығында волейболды отырып ойнайтын командалар арасында ел чемпионатының екінші кезеңі өтті. Параволейболдан ұлттық құраманың және «Атырау» командасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауовтың айтуынша, 13 облыста параволейбол федерациясы ашылған.

«Параволейбол спортын дамыту Атырау облысында 2002 жылы қолға алынды. Қазір біздің команданың 12 ойыншысы ұлттық құрамада ойнайды. Биыл параволейболшыларымыз Парижде өткен паралимпиада ойындарында 5-ші орынды, Қытайдағы клубаралық Азия чемпионатында 1-ші орынды иеленді. Ал, ел чемпионатының I турында сегіз, II турында жеті команда арасынан үздік атанып отырмыз. Аталған додаға 16-65 жас аралығындағы 100-ге жуық спортшы қатысты. Бұл жеңісімізге үздіксіз дайындық пен төгілген тердің нәтижесінде қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз — 2028 жылы АҚШ-та өтетін паралимпиада ойындарының лицензиясын алу. Қазір оған дайындықты бастадық», — дейді Бауыржан Тахауов.

параволейбол
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Тартысты өткен сайыстың нәтижесінде 2-ші орынды Қызылорда облысының құрамасы иеленді. Ал, үшінді орынға Маңғыстау облысының параволейболшылары ие болды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Паралимпиада ойындарында қола жүлде алған атыраулық парадзюдошыларға көлік берілгенін хабарлаған едік.