Биыл ауыл шаруашылығы жобаларына 50 млрд теңге несие беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға арналған несиеге 20 млрд теңге бөлінген, биыл қаражат көлемі 50 млрд теңгеге артып отыр.

ірі қара төрт түлік
Фото: Pixabay

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.

— Үкімет ет мал шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Жүйелі жұмыс ішкі нарықты тиісті өнім қорымен қамтамасыз ету, өңірлік ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды ынталандыру, мал сою инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ қаржылай қолдау шараларын қамтиды. Ауыл тұрғындарын кооперативтер құруға ынталандыру мақсатында микрокредит беру және лизинг ережелеріне тиісті өзгерістер енгізілді. Ол бойынша шағын және орта кәсіп шаруаларына 2,5% жылдық мөлшерлемемен 8000 айлық есептік көрсеткішке дейін жеңілдетілген несие беру көзделген, — деп жауап берді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, өткен жылы жалпы сомасы 4,6 млрд теңгеге 182 кооператив қаржыландырылды.

— Белгілі бір өнімді өндіру үшін жерді ұтымды пайдалану мақсатында өңірлердің мамандану кестесі бекітілді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар 5 жылдық даму жоспарын бекітеді, ол жерде мал шаруашылығы саласын қоса алғанда, жекелеген саланы дамытуға арналған іс-шаралар қамтылған. Осы орайда жеке өңірлік картаны әзірлеу ерте деп санаймыз, — деді ол.

Сондай-ақ, Премьер-министр жауабында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал сою инфрақұрылымын дамыту бөлігінде бюджет қаражатын пайдаланудың басым бағыттарының бірі — ірі қара өсіретін шаруаларды қолдау екені айтылған.

— 2024 жылы ауыл шаруашылығы жобаларын несиелеуге 20 млрд теңге бөлінді, оның ішінде мал шаруашылығына 603 микрокредит берілді. 2025 жылы 50 млрд теңге қарастырылған, — деп толықтырды О. Бектенов.

Айта кетейік, Kazinform тілшісі биыл ауыл шаруашылығын қаржыландыру барысына шолу жасаған еді. 

Соңғы жаңалықтар