Биыл азық-түлік өндірісі 10%-ға өсті: сала өңдеу өнеркәсібінде үшінші орында

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында азық-түлік өндірісі 10%-ға өсіп, көлемі 1,8 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш жоспардан 5,3 пайыздық тармаққа артық. Бұл туралы Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында айтылды.

жумангарин
Фото: Үкімет

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында саладағы өсу қарқынын жеделдету шаралары қаралды. Қазіргі таңда тамақ пен сусын өндірісі өңдеу өнеркәсібі құрылымында 17,2% үлеске ие. Бұл көрсеткіш бойынша тек металлургия мен машина жасау салалары ғана алда тұр.

Министрліктің мәліметінше, өсім ауыл шаруашылығы шикізатын (ет, сүт, қант қызылшасы) қайта өңдеуге, сары май мен ірімшікке қажетті шикізат сатып алуға, ҚҚС мөлшерлемесін 70%-ға төмендетуге және жеңілдікпен берілетін несиелерге байланысты субсидиялардың есебінен қамтамасыз етілген.

Өткен жылмен салыстырғанда келесі өнімдер өндірісінде жоғары өсім тіркелді:

  • сары май – +10,4%,

  • шұжық өнімдері – +10,8%,

  • өсімдік майы – +20,3%,

  • балық өнімдері – +34,4%.

Сонымен қатар маусымдық себептерге байланысты жарма өндірісі төмендеген. Кейбір өңірлерде кондитерлік өнімдер, консервілер, ірімшік пен сүзбе өндірісінің қысқаруы шикізат жеткізу үзілістерімен және нарықтағы шектеулермен байланысты.

Сусын өндірісі бойынша жартыжылдық көрсеткіш 566,7 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі 5%-ға өсіп, жоспардан 3,7 пайыздық тармаққа жоғары болды. Алкогольсіз сусын өндірісі 9,8%-ға артқанына қарамастан, жалпы көлемде төмендеу байқалған.

— Әрбір сала министрі өздеріне қарасты кәсіпорындардың экономикасына терең үңілуі қажет. Өсуге кедергі келтіретін жайттарды жедел жою керек. Сауда министрлігі өңірлердегі өткізу нарығын саралап, қажет болса, жеткізу жүйесін қайта бөлсін. Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі кәсіпорындардың үлесін ескеріп, жол картасын толықтырсын. «Бәйтерек» пен Аграрлық несие корпорациясы инвестиция тарту жұмысын жандандырсын, – деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары транзитіне бақылау күшейді.

Соңғы жаңалықтар