Биыл азық-түлік өндірісі 9,5%-ға артады
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы егіс алқаптарын әртараптандыру бағыты одан әрі күшейтіледі: республика бойынша олардың көлемі 23,8 млн гектарға дейін, ал Қызылорда облысында 186 мың гектарға дейін ұлғаяды. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесу өткізді. Іс-шараға өңірдің 80-нен астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі қатысты. Ашық форматта өткен диалог барысында қатысушылар өзекті мәселелерді тікелей көтеріп, ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алды.
Кездесу барысында Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы қатарынан екінші жыл рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, саланың тұрақты өсімін айқын көрсетіп отырғаны атап өтілді.
2025 жылы заманауи агротехнологияларды енгізу және жеңілдетілген қаржыландыру көлемін кеңейту есебінен жоғары өнім алынып, ішкі нарықтың қажеттілігі толық қамтамасыз етілді, сондай-ақ экспорттық әлеует артты. 2024–2025 маркетингтік жылы астық экспорты 15,3 млн тоннаға жетіп, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 60%-ға өсті.
— 2026 жылы егіс алқаптарын әртараптандыру бағыты одан әрі күшейтіледі: республика бойынша олардың көлемі 23,8 млн гектарға дейін, ал Қызылорда облысында 186 мың гектарға дейін ұлғаяды. Бұл ретте бидай егістігін қысқартып, майлы және мал азықтық дақылдар алқаптарын кеңейту жоспарланып отыр, — делінген министрлік хабарламасында.
2025 жылы жеңілдетілген қаржыландыруға 750 млрд теңге бағытталды, осындай көлем биылға да қарастырылған. Бүгінде 334 млрд теңге сомасына 3 мыңнан астам шаруа қаржыландырылды, оның ішінде Қызылорда облысында 5,4 млрд теңгеге 36 шаруашылық қолдау алды.
Сондай-ақ несиелеу, лизинг және қайта өңдеу саласын қолдау құралдары белсенді түрде дамып келеді. 2025 жылы 9 мың ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, ал ағымдағы жылы жеңілдетілген лизинг көлемі 300 млрд теңгеден асады.
Саланы дамытуға қосымша серпін мал шаруашылығын қолдау арқылы беріледі — Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға 400 млрд теңгеден астам қаражат көзделген.
Жалпы алғанда, 2026 жылы ауыл шаруашылығы саласының өсімі 5,9% деңгейінде болады деп күтілуде, ал азық-түлік өндірісі 9,5%-ға артады.
Сонымен қатар, инвестициялық жобалар, оның ішінде сүт-тауарлы фермаларын іске қосу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Қызылорда облысында 2026 жылы агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға 14,4 млрд теңге қарастырылған.
Айта кетелік елімізде табиғи мультиақуыздық шикізат пен пробиотиктер қосылған құрама жем әзірленіп жатыр.