Биыл Бейнеу-Сексеуіл жолының құрылысы басталады

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Транскаспий халықаралық көлік бағытын шамамен 1 000 шақырымға қысқартатын Бейнеу-Сексеуіл жолының құрылысы басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты.

Жол құрылысына арналған 191 технология цифрлық бірыңғай базаға тіркелді
Фото: Көлік министрлігі

— Республикалық жолдардың екі рөлі бар. Бірінші — өңірлер арасында байланыс жасау. Екінші — халықаралық транзитті дамыту. Бүгінгі кезде Қазақстанда 7 автокөлік дәлізі қалыптасты. Атап өтетін болсақ, өткен жылдары 4 үлкен жобаны аяқтадық: «Қалбатау-Майқапшағай», «Талдықорған-Өскемен», «Атырау-Астрахань» және «Қарағанды-Алматы». Бұл жолдардың жалпы ұзындығы — 2 000 шақырым. Көлік қозғалысы өсіп жатыр және кейбір дәліздер үлкен жүктемеде жұмыс істейді. Сондықтан, алдымызда жаңа көп жобалар бар, — деді Нұрлан Сауранбаев.

Оның айтуынша, жүктелген тапсырмаларға сәйкес Жаңаөзен-Түрікменстан шекарасы учаскесінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

— Бұл учаске Түрікменстан-Ресей дәлізінің бір бөлігі. Сонымен қатар жолды 4 жолаққа дейін кеңейту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу басталды. Қазіргі учаскеде жасалынып жатқан жұмыстарды биыл бітіреміз. Келесі жоба Бейнеу-Сексеуіл. Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жолды шамамен 1000 шақырымға және жүк жеткізу уақытын 3 күнге дейін қысқартады. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген. Қазіргі уақытта қаржы тарту рәсімдері жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын биыл бастаймыз, — деді министр.

Айта кетейік, Үкімет автожол саласын дамыту мәселесін пысықтап жатыр.

Соңғы жаңалықтар
Референдум