Биыл бизнес және отандық тауар өндірушілермен 5 трлн теңгеге шарт жасалды
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері және отандық тауар өндірушілермен 5 трлн теңгеге 845 000 шарт жасалды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мәлім етті.

— Бүгінде 4 834 тауарлар, жұмыс пен қызмет атауын көздейтін ұлттық режимнен алуды белгілейтін 6 Үкімет қаулысы қолданыста. Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша 5 трлн теңгеге 845 000 шарт жасалды. Оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 534 000 шарт, отандық тауар өндірушілермен 96 154 шарт жасалған. Өткен жылы осы кезеңде 2,4 трлн теңгеге 660 000 шарт жасалған еді, — деді Дәурен Кеңбейіл Үкімет отырысында.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, биыл 1 қаңтарда бастап қолданысқа енген тетіктер тиімділігін көрсетіп отыр.
— Қабылданған шаралармен қатар, отандық өнім берушілерді қолдау шаралары жалғасын табады, — деп толықтырды министрдің орынбасары.
Бұған дейін мемлекеттік сатып алу бойынша отандық тауар өндірушілерге 30% міндетті аванс берілетіні туралы хабарлаған едік.
Айта кетейік, қазақстандық тауар өндірушілердің тізімі қайта жасалады.