Биыл бюджеттің кірісіне қандай тәуекелдер әсер етуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл қаңтар-мамыр айларында бюджеттің кіріс жоспары 100,5 пайызға орындалды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Серік Шайдаров осы жылы республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуына қатысты сұрақ қойды.
— Кіріс жоспарының орындалмауына қандай тәуекелдер бар?, — деп сұрады сенатор.
Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі мұнай бағасына қатысты өзгерістер болғанын еске салды.
— Былтырғы бюджетті жоспарлап, көрсеткіштерге болжам жасалғанда, басты деректер — Brent маркалы мұнай бағасы 75 АҚШ долларын, ал ұлттық валюта бағамы долларға шаққанда 470 теңге болды. Ал қазір бұл көрсеткіштерден едәуір алшақпыз. Бірінші тоқсанда мұнай бағасы 75 болса, екінші тоқсаннан бастап төмендеді, — деді Серік Жұманғарин.
Осы орайда ол бағаның өзгеруі бюджетке әсер ететінін айтты.
— Сонымен қатар, қазір экспорттық металл бағасында оң қарқын байқалды. 2024 жыл мен 2025 жылғы көрсеткішті салыстырсақ, қаңтар-мамырда алюминий 9 пайызға, күміс — 26,5 пайызға, алтын — 38,3 пайызға, мырыш — 5,8 пайызға, мыс 4 пайызға қымбаттады. Бұл өте жақсы хабар, — деді вице-премьер.
Оның сөзіне қарағанда, салық және кедендік әкімшілендіру арқылы бюджетке қосымша 400 млрд теңге тартылды. Бұл ретте, цифрландыру нәтижесінде тиімділігі артты.
— Жалпы алғанда, қаңтар-мамыр айларында кіріс жоспары 100,5 пайызға орындалды… Сыртқы ахуал өзгерсе, бұл жағдай ішкі факторға әсер етеді. Сол жағдайда бюджеттік параметрлер қайта қаралуы мүмкін, — деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, кейінгі күндері мұнай қымбаттады.