Биыл егіс науқаны алғаш рет мерзімінде аяқталды
АCТАНА. KAZINFORM - Елімізде қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау нәтижесінде 2025 жылы егіс науқаны алғаш рет мерзімінде аяқталды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шаруаларды қаржыландыру тетігін қайта қарады. Осы жылдан бастап фермерлерге жеңілдетілген несиелер бұрынғыдай науқан басталған кезде наурыз айында емес, алдын ала 2024 жылдың желтоқсанынан бастап қолжетімді болды. Бұл шешім қажетті ресурстарды алдын ала сатып алуға мүмкіндік беру мақсатында қабылданды.
Мемлекеттік қолдау шараларының, диқандар мен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының арқасында егіс жұмыстары агротехникалық талаптарға сай әрі уақтылы жүргізіліп, науқан алғаш рет белгіленген мерзімінде аяқталды. Мұндай тәсіл негізгі дала жұмыстарын мерзімінен бұрын орындауға, стратегиялық маңызды дақылдардың егіс көлемін арттыруға және материалдық-техникалық базаны тиімді жаңартуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде мол өнім алуға және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына берік негіз қаланды.
2025 жылғы егіс науқаны елімізде егіншілікке деген жаңа көзқарас жағдайында өтті. Оның басты ерекшеліктерінің бірі – ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға және монодақылдарға тәуелділікті азайтуға басымдық берілуі. 6 маусымдағы жағдай бойынша жоспарланған көлемнің 100%-ы – 23,7 млн гектар алқап егілді.
Егіс алқаптарын неғұрлым тиімді әрі тұрақты дақылдарға қайта бөлуге ерекше назар аударылды. Бұл ауыл шаруашылығын климаттық өзгерістерге бейімдеуге ғана емес, сонымен қатар ғылыми негізделген ауыспалы егіс талаптарын сақтай отырып, нарықтық үрдістерді ескеруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде сұранысқа ие дақылдардың көлемі артты:
майлы дақылдар – 3,4 млн гектар (былтырғыдан 0,5 млн гектарға артық),
мал азығы дақылдары – 3,3 млн гектар (+114 мың гектар),
дәндік жүгері – 167,5 мың гектар,
көкөніс-бақша дақылдары – 222,3 мың гектар.
Әлеуметтік маңызы бар дақылдар көлемі де артып жатыр: картоп алқабы 83,4 мың гектарға жетіп, өткен маусыммен салыстырғанда 11,3 мың гектарға көбейді. Сонымен қатар ресурсты көп қажет ететін әрі баға өзгерісіне бейім дақылдардың – бидай, күріш, мақта – егіс көлемі қысқарып жатыр. Мысалы, бидай алқабы 13 млн гектар болды, бұл өткен жылғыдан 187 мың гектарға кем.
Осылайша, егісті әртараптандыру стратегиясы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін дамытуға серпін беріп жатыр.
Тұқым қорына келсек, 2025 жылғы егіс науқанына республика бойынша 2,3 млн тонна тұқым дайындалды.
Бұл диқандардың дала жұмыстарына еш кідіріссіз, қажетті ресурстар тапшылығынсыз уақытында шығуына мүмкіндік берді.
Көктемгі егіс науқанын қаржыландыру биыл 1 желтоқсанда басталатынын жазған болатынбыз.