Биыл егістіктерде су тапшылығы болуы мүмкін бе

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өзен бассейндеріндегі су мөлшеріне түсінік берді. 

Биыл егістіктерде су тапшылығы болуы мүмкін бе
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Былтырдан бері Су ресурстары және ирригация министрлігі алты айға дейінгі мерзімге болжам жасауға мүмкіндік беретін Talsim-NG гидрологиялық моделін бейімдеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Гидрологиялық модельдің есептеулеріне сәйкес Сырдария және Талас өзендерінің бассейндерінде су мөлшері көпжылдық нормадан төмен болуы ықтимал. Сырдария өзенінің жекелеген жанама салаларының учаскелерінде, сондай-ақ Шу өзенінің бассейнінде ғана су мөлшері норма шегінде болуы мүмкін. Іле өзенінің бассейнінде су ағыны норма шегінде болуы ықтимал, ал жекелеген салалардың учаскелерінде су мөлшері көпжылдық нормадан жоғары болады деген есептеулер бар, — деді Нұржан Нұржігітов.

Оның айтуынша, биыл су шаруашылығы жағдайы 2025 жылғы құрғақшылықтың салдарының әсерінен қалыптасып отыр. Қазіргі уақытта модель деректері бойынша Сырдария, Шу, Талас және Іле өзендерінің бассейндерінде су ағыны қалыптасатын аймақта ылғал қоры біркелкі бөлінбеген.

— Негізгі ылғал қоры орта таулы аймақта қалыптасқан, ал биік таулы аймақта оның көлемі көпжылдық нормадан төмен. Көктемнің басында ауа температурасының жоғары болуы және жауын-шашынның басым түсуі жағдайында су көлемі артуы мүмкін, ал жазғы кезеңде өзендерінің ағыны нормадан төмен болуы ықтимал. Осылайша, 2026 жылғы вегетациялық кезең оңтүстік өңірлерде, әсіресе Арал-Сырдарья және Шу-Талас бассейндерінде тәуекелдермен өтуі мүмкін. Атап айтқанда, Тоқтоғұл су қоймасының көлемі бүгінде 7 млрд 610 млн текше метр, бұл өткен жылдың деңгейінен 1,5 млрд текше метрге төмен. Энергия тапшылығы жағдайында су қоймасы күшейтілген режимде босатылып жатыр. Осыған байланысты вегетация басында Тоқтоғұл су қоймасы жинақтау режиміне көшіріледі деп болжануда, тиісінше бұл Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарының қажеттіліктері үшін мемлекетаралық «Достық» каналы арқылы су жеткізуге кері әсерін тигізуі мүмкін. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, облыс әкімдіктеріне су алу лимиттерін қатаң сақтау, оның ішінде күріш егісі бойынша белгіленген лимиттерді ескеру орынды деп санаймыз, — деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Шардара су қоймасы жинақтау режиміне ауыстырылды. Су беру режимдері келісілген деңгейде сақталған жағдайда, су қоймасына кемінде 8,3 млрд текше метр су келуі ықтамыл. Бұл Шардара су қоймасын шамамен 5 млрд текше метрге көлемінде толтыруға, Көксарай контрретегішін 2 млрд текше метр көлемге дейін жинақтауға және Қызылорда облысына шамамен 1,3 млрд текше метр су жеткізуге мүмкіндік береді.

— Шу-Талас бассейні бойынша Киров су қоймасының толмау қауіпі бар. Аталған су қоймасы — Жамбыл облысының ауызсу және суармалы сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі. Бүгінде оның көлемі 314 млн текше метр, бұл былтырғы деңгейден бір жарым есе төмен. 1 сәуірге қарай су қоймасындағы су көлемі шамамен 400-410 млн текше метр болады деп күтілуде. Су бөлу үлестерін ескергенде, бұл Қазақстан үшін небәрі 285 млн текше метр су алуға мүмкіндік береді. Ал ең төменгі қажеттілік 400 млн текше метр, — деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында биыл жалпы егіс алаңы шамамен 23,8 млн гектар болатыны айтылды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум