Биыл экстремистік сипаттағы 1,6 мың интернет-ресурс бұғатталған
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан беру күмәнді 6,1 мың интернет-ресурс анықталды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде «Киберқылмысқа қарсы күресудің өзекті мәселелері» тақырыбына арналған талқылауда Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев айтты.
«Осы жылы ғаламторға желісін мониторингілеу барысында 6,1 мың интернет-ресурсты анықтадық және оларды бұғаттау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне деректерді жолдадық. Оның арасында алаяқтық белгілері бар 3 мың ресурс, есірткі қылмысына қатысты — 529, экстремистік сипаттағы 1,6 мың интернет-ресурс бар. Сонымен қатар, мессенжерде (WhatsApp, Telegram, Instagram және т. б.) арнайы Cyberbot топтары құрылды, олар сайт әкімшілерін жалған сілтеме туралы тікелей хабардар етеді. Осындай жұмыстың арқасында бір ай ішінде 300-ден астам ресурс жойылды», — деді А. Рысбаев.
Оның айтуынша, алаяқтардың алдауына түсіп қалмауы үшін тұрғындар арасында 20 мыңнан астам профилактикалық материал таратылды, қоғамдық орындарға буклеттер (250 мың) орналастырылды.
Сонымен қатар, ескерту мәтіндері бар SMS хабарлама жіберілді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылы киберқылмыстан азаматтарға 21 млрд теңге шығын келген.