Биыл елімізде 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады — Үкімет

Жилье квартиры многоэтажные дома Тұрғын үй пәтерлер көп қабатты үйлер
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 272 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлім етті.

«Өңірлерде көтерілген сұрақтардың бір бөлігі тұрғын үй салуға қатысты. Бұл бағытта нақты жоспар бар. Биыл кемінде 18 млн шаршы метр тұрғын үй салу ескерілген. Отбасы банкінің жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары іске қосылды. «Отау» және «Наурыз» жаңа бағдарламалары бойынша 64 мың адамнан өтінім қабылданды», — деді Т. Дүйсенова Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 272 млрд. теңге бөлінді.

Сонымен қатар вице-премьер инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды. Бұл тұрғыда 12 мың шақырымнан астам автожолды салу, реконструкциялау және жөндеу қарастырылған. Жаңа газ желілерін салу есебінен 300 мың халқы бар 87 елді мекенді газдандыру жоспарланды.

«13 арнайы экономикалық және индустриялық аймақ қажет инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. «Ауыл — ел бесігі» жобасына 180 млрд теңге қарастырылды, оның аясында 1,4 мың жоба жүзеге асырылып, 500 ауылдық елді мекен қамтылады», — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Еске салсақ, былтыр қаңтар-қарашада 15 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді. 

Соңғы жаңалықтар
telegram