Биыл елімізде 320 орман өрті тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізде 300-ден астам орман өрті тіркелген. Олардың басым бөлігі – найзағайдың әсерінен, ал бірқатары – адам әрекетінен туындаған.

орман өрті
Фото: gov.kz

– Өрт қаупі бес деңгейге бөлінеді. Ең жоғарғысы – бесінші сынып. Негізінен жаз мезгілінде, күн қатты ыситын уақыттарда тіркеледі. Биыл 320 орман өрті болған. Оның 217-сі найзағайдың әсерінен шыққан. Найзағай құрғақ шөпке түскен жағдайда бірнеше минут ішінде жанып, орман өртіне ұласуы мүмкін, - дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Ринат Нұрғазин Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Адам факторы да елеулі мәселе болып отыр. Анықталған 12 өрт оқиғасы тікелей демалушылардың әрекетінен шыққан.

– Көбіне бұл – темекі тұқылын, жанғыш заттарды немесе шыны бөтелкелерді тастап кету салдарынан болады. Қазіргі таңда осындай құқық бұзушылықтарға 52 млн теңге шамасында айыппұл салынды. Оның 12 миллионын өндіріп алдық. Кейбір істер сотқа жолданды, - деп нақтылады Нұрғазин.

Комитет өкілі әрбір орман өрті бойынша қызметтік тексеріс жүргізілетінін атап өтті. Арнайы комиссия өрттің себебін анықтап, кінәлі тұлғаларды айқындайды. Қажет жағдайда қылмыстық іс қозғалады.

– Жаза әрбір оқиғаның сипатына қарай белгіленеді. Бізде әр орман түріне қарай түрлі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұның бәрі Экология министрлігінің арнайы бұйрығымен бекітілген, - деді сарапшы.

Министрлік пен жергілікті атқарушы органдар орман шаруашылықтарын сақтау үшін алдын алу шараларын күшейтуде. Бұл бағытта 2024–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданған. Құжат аясында 68 миллиард теңге бөлініп, техникалық жарақтандыру жоспарланған.

– Алайда орманды сақтап қалуда азаматтардың да рөлі зор. Әркім орманда өзін дұрыс ұстауды, балаларын да соған үйретуді, алау жаққаннан кейін міндетті түрде сөндіруді, жанғыш заттарды қалдырмауды білуі қажет. Бұл – біздің ортақ жауапкершілігіміз, - деп атап өтті спикер.

Ринат Нұрғазиннің мәліметінше, қазір орманды аумақтарға туристер көптеп келе бастаған. Олардың көбеюі қауіпсіздік мәселесін де күрделендіріп отыр.

– Орман шаруашылығы қызметкерлері туристерге арнап түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Хабарламалар таратылып, профилактикалық дәрістер оқытылып жатыр. Бұл – орманды тілсіз жаудан сақтап қалудың бірден-бір жолы, - деді комитет өкілі.

Айта кетейік, жақында ғана Алматы маңындағы өндірістік аймақтан өрт шықты. 

Соңғы жаңалықтар