11:15, 08 Қаңтар 2025 | GMT +5
Биыл елімізде 60 кәсіби стандарт әзірленеді
АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында кәсіби стандарттарды әзірлеу және жаңарту жұмыстарына тоқталды.

- Биыл министрлік 8 сала бойынша 336 мамандықты қамтитын 60 кәсіби стандартты әзірлеп, жаңартуды жоспарлап отыр, - деді ол.
Ведомство басшысы бұл жұмысқа жасанды зейін қолданылатынын атап өтті.
- Биыл жасанды интеллектті қолдана отырып кәсіби стандарттарды әзірлеу процесін едәуір жеңілдеттік. Жаңа тәсілді сынақтан өткізуді жоспарлап жатырмыз. Жасанды интеллект 1 кәсіби стандартты әзірлеуге 10 минут уақыт жұмсайды, - деді Қанат Шарлапаев.
Еске салсақ, Президент Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланғаны еді.