Биыл еліміздегі құрылыстың 15 пайызын шетелдік компаниялар салған

Жыл басынан бері еліміздің 18 өңірінде құрылыс жұмыстары қарқын алды. Қаңтар-тамыз аралығында 11320,1 мың шаршы жаңа нысан қолданысқа берілді, деп хабарлайды Kazinform. 

Биыл еліміздегі құрылыстың 15 пайызын шетелдік компаниялар салған
Фото: Pixabay

«2023 жылғы қаңтар-тамызда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,4% өсіп, 3521,8 млрд теңге болды. Республика бойынша құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінен жеке құрылыс ұйымдарымен - 85,4%, шетелдік - 14,4%, мемлекеттік 0,2% орындалды», - делінген Ұлттық статистика бюросының ақпаратында.

Белгілі болғандай, Қазақстанның 18 өңірінде құрылыс қарқыны үдей түскен. Едәуір өсім Жетісу (66,8%), Батыс Қазақстан (49,4%), Қызылорда (45,4%), Абай (37,2%), Жамбыл (24,8%), Маңғыстау (24,6%), Ақтөбе (24,2%), Солтүстік Қазақстан (14,9%), Павлодар (14,3%), Қостанай (12%) және Ақмола облыстарында (11,6%) тіркелді.

Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге сай, жыл басынан бері ел бойынша 11320,1 мың шаршы метр аумақты қамтыған жаңа объектілер пайдалануға берілді. 

Биыл еліміздегі құрылыстың 15 пайызын шетелдік компаниялар салған
Фото: Kazinform

«Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 2022 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 11,7% ұлғайып, 8551,6 мың шаршы метр болған. Олардың 5030,2 мың шаршы метрі көп пәтерлі және 3480,4 мың шаршы метрі жеке үйлер. Тұрғын үйлердің едәуір бөлігін – 7995,4 мың шаршы метрді немесе 93,5%-ын жеке құрылыс салушылар салған», - делінген ҰСБ мәліметінде.

Биыл 17 189 оқушыға арналған 33 жалпы білім беретін мектеп, 1 458 орынға шақталған 19 балабақша, 150 төсек-орынға есептелген 1 аурухана және 1 206 науқасты қабылдауға қауқарлы 13 емхана пайдалануға берілді.

Қоса кетсек, бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев заңсыз құрылысқа қашан тоқтау салынатынын айтқан еді.

Оған қоса, сенатор Андрей Лукин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік нысандардың құрылыс жоспарынан заңсыз алынып жатқанын мәлім етті.