Биыл Ертіс өзеніне қанша көлемде су босатылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Мамандарды Бұқтырма су қоймасында жиналған судың көлемі қуантып отыр. Алдағы көктемде Ертіс өзені жайылмаларының кемі 70 пайызын су басады деген болжам бар.

«Қазгидромет» мекемесінің хабарлауынша, қазіргі сәтте Шығыс Қазақстандағы су қоймасында жиналған судың көлемі 30 млрд текше метрге жеткен. Бұл – өткен жылғымен салыстырғанда 5 млрд текше метрге көп. Көктемгі су жіберу кезеңінде Шүлбі су қоймасынан келетін бүйірлік ағын ойдағыдай болса, Ертіс өзеніне тиесілі жайылмалардың 70 пайызын су басуы керек.
«Былтыр Салааралық су босату комиссиясының шешімімен босатылған 4,59 текше шақырым су жетпей қалып, жайылмалардың небәрі 30 пайызы тіршілік нәріне қаныққан. Мұндай келеңсіз жағдай соңғы 10 жылда бірінші рет кездесті. Ал биыл Шығыс Қазақстанның таулы аймақтарында орналасқан су қоймаларында ылғал мол екені байқалады. Үлбі және Уба өзендерінен келетін су да мол болып, көктемгі табиғат қорғау шаралары ойдағыдай өтеді деп ойлаймыз. Біздің есебімізше, Ертіс өзені аумағында орналасқан жайылмалардың 70 пайызына су жетеді. Бұған қоса өткен жылы Павлодар облысының әкімдігі өзеннің арнасы мен тармақтарын тазартты. Ол да оң нәтиже беруі керек. Ал судың қашан және қандай көлемде босатылатынын комиссия шешетін болады», - дейді «Ертіс» бассейндік инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы.
Айтып өтейік, былтыр Павлодар облысында табиғи гидрологиялық режимнің бұзылуына Шығыс Қазақстандағы су қоймаларынан судың нормаға сай босатылмауы себеп болған еді.
Салдарынан өзеннің жайылмалары қанықпай, шабындықтар құрғап кетті. Ертіс өзенінің арнасы тартылғаны өз алдына, құмдауыт жерлердің пайда болуы экологтарды қатты алаңдатып отыр.