Биыл Еуропа мен Солтүстік Африкаға қайта бидай экспорттаудың мүмкіндігі туындап тұр – Астық одағы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов AGRICOM халықаралық конференциясының кулуарында Солтүстік Африка мен Еуропаның астық нарығына қайта оралудың мүмкіндігі туындап тұрғанын айтты.
«Біз Үкіметке Қазақстан бидайын жаңа нарықтарға экспорттау ісін ынталандыруды ұсынып отырмыз. Биыл 2 млн тоннадай бидайды жаңа нарыққа шығаруымыз керек. Бұл Еуропа елдері мен Солтүстік Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-шығыс Азия. Бірақ бұл нарықтарға тек Ресей Мен Қытай аумағы арқылы ғана жете аламыз. Сондықтан бізге Үкіметпен бірге нақты қадамдарды ойластыру керек. Ондай қолдау болса, жаңа нарықтар пайда болады деген сөз. Негізі ол нарықтарға Қазақстан бұрын да астық жеткізген. Бір кездері айырылып қалдық. Өйткені Ресей әлемдегі ең ірі астық экспорттаушы ретінде, теңізге шығатын жолын, астық сапасын пайдаланып ол нарықтардан бізді ығыстырып тастаған. Біз Иран, Әзербайжан, Қытай, Орталық Азия елдері сияқты көршілес нарықтармен ғана қалдық», - дейді одақ төрағасы.
Сарапшы ол нарықтарды қайтару оңай болмайтынын мойындап отыр.
«Енді сол бір кездері айырылып қалған нарықтарды қайтарып алудың мүмкіндігі туып тұр деп есептейміз. Бірақ бұл оңай бола салмайды. Өйткені тасымал шығынының кесірінен біздің астықтың бағасы бәсекеге қабілетсіз болып шыға келеді. Яғни, Ресейге жаңағы айтқан нарықтарға теңіз арқылы астық жеткізу әлдеқайда оңай. Сондықтан Үкіметке осы мәселені бірлесіп ойластыруды ұсынамыз», - деді Нұрлан Оспанов.
Сондай-ақ, ол аталған нарықтарды қайта жандандыру үшін тасымал шығынына орта есеппен 32 млрд теңге кететінін айтады.
«Қазақстанның биылғы астық экспортындағы әлеуетін ұнмен қосқанда 9 млн тонна деп бағалап отырмыз. Бидай туралы айтсақ, бізден импорттаушылар тек жоғары сапалы бидайды немесе төртінші, бесінші класты бидайды сатып алады. Биыл қамбаға түсетін бидайдың 50 пайызы азық-түлікке жарамды, 50 пайызы мал азығына ғана жарамды болады деп күтіп отырмыз. Ал ауа райы қолайлы жылдары азық-түлікке жарамды бидайдың үлесі 80 пайызға дейін баратын. Жалпы 16-17 млн тонна бидай алсақ, соның 8-8,5 млн тоннасы азық-түлікке жарамды болуы мүмкін. Оның бір бөлігі өз қажеттіліктерімізге кетеді. Ғылыми негіздеме бойынша ел ішінде тұтынылатын ұн мен нанға қажет азық-түлік астығының көлемі 1,7 млн тоннадай ғана. Сонда қалған бидайдың бәрі экспорт әлеуеті деген сөз», - деді Нұрлан Оспанов.
Одақ басшысы Қазақстан бидайын Қытайға өткізетін тағы бір дәліз бар екенін айтады. Қазір екі тарап Бақты бағыты арқылы астық жеткізу мәселесін пысықтап жатқан көрінеді.