Биыл Еуропада ең төменгі жалақы қандай болады
АСТАНА. KAZINFORM — ЕО-ның жаңа директивасы ең төменгі жалақы деңгейін, мысалы, медианды жалақының 60%-ын белгілеуге бағытталған. Брюссель сондай-ақ бағаның өсуіне қарамастан халықтың кірісін сақтау үшін тұрақты индекстеу жүргізуге шақырды, деп хабарлайды Еuronews.

Толық айға арналған заңды ең төменгі жалақы деңгейі кедешілікпен күресте маңызды рөл атқарады.
Биылғы жыл ЕО-ға мүше елдерде өмір сүру және жұмыс жағдайларын жақсарту жолындағы маңызды кезең болды, өйткені Брюссельдің ең төменгі жалақы туралы жаңа директивасы биылғы жылдың 15 қарашасына дейін күшіне енуі тиіс.
Еуропаның бірқатар елдерінде ең төменгі жалақы алатын жұмысшылар үлесі 10%-дан асады.
ЕО-ға мүше 27 елдің 22-сі ең төменгі жалақы шегін енгізді. Дания, Италия, Аустрия, Финляндия және Швецияда саясаткерлер бұл шараға келіспей тұр. Кипр ең төменгі жалақыны өткен жылдың басында ғана енгізді.
ЕО-ға үміткер және әлеуетті үміткер 10 елдің ішінде сегізі ұлттық ең төменгі жалақыны белгіледі. Ол Черногория, Молдова, Солтүстік Македония, Грузия, Албания, Сербия, Түркия және Украинада бар, бірақ Босния және Герцеговина мен Косовода жоқ.
Еуропалық еркін сауда қауымдастығы (ЕЕСҚ) елдері — Норвегия, Швейцария және Исландияда ең төменгі жалақы белгіленген жоқ.
ЕО бойынша ең төменгі жалақы бір-бірінен қатты ерекшеленеді. Қазіргі уақытта ол Болгарияда айына 477 еуродан Люксембургте айына 2 571 еуроға дейін түрленуде.
Ең төменгі жалақы Люксембург, Ирландия, Нидерланд және Германияда 2000 еуродан асады, ал Францияда бұл көрсеткіш 1767 еуро, Испанияда — 1323 еуро. Оның үстіне, мәселе брутто-жалақы туралы болып тұр, қызметкер қолға одан да аз алады.