Биыл ғылыми атақ беру ережесіне бірнеше өзгеріс енгізілді

Ғылым және жоғары білім министрлігі биыл ғылыми атақ беру ережесіне қандай өзгеріс енгізілгенін жариялады, деп хабарлайды Kazinform.

Парламент
Фото: ҚазАқпарат/ Мұхтар Холдорбеков

Kazinform тілшісінің ресми сауалына орай жолданған ведомство жауабында жазылғандай, осы жылы қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор ғылыми атақтарын беру туралы ережеге мынадай өзгеріс енгізілген:

- Халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдардағы мақалалар «Мақала» (Article/Артикль) немесе «Шолу» (Review/Ревью) түрінде болады және ол көрсетілген базалардағы журналдың тақырыптық бағытына сәйкес келеді. Пәнаралық бағыты бойынша халықаралық рецензияланатын ғылыми мақалаларды журналдарда жариялауға рұқсат етіледі (Multidisciplinary).

- Сонымен қатар Халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда 2 ғылыми мақала ретінде Elsevier, Brill, CRC Press, DeGruyter, Edward Elgar Publishing, John Wiley & Sons, McGraw Hill, Palgrave Macmillan, Peter Lang, Prentice Hall, Routledge, Sage Publications, Springer Nature, Taylor and Francis, Wolters Kluwer сияқты сенімді баспаларда немесе US News Best Global Universities Rankings я болмаса Academic Ranking of World Universities немесе Times Higher Education World University топ-100 рейтингіндегі университет баспасында шығарылған монография ескеріледі. Жоғарыда көрсетілген баспаларда жарияланған 1 бет материал бір мақала ретінде есепке алынады. Айта кетейік, қазір елімізде 22 456 ғылыми кадр еңбек етіп жүр. Зерттеушілердің 37 пайызы ғылыми және академиялық дәрежеге ие. Атап айтқанда, ғылым докторы – 1 743, ғылым кандидаты – 3 945, философия докторы (PhD) – 2 460 және бейіні бойынша доктор – 96 адам. Сондай-ақ, зерттеушілердің 46 пайызы немесе 10 327 адам – 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар. Ал 31 пайызы немесе 6 950 адам - 41-54 жастағылар болса, 23 пайызы (5 179 адам) - 55 жастан асқан ғалымдар.

Еске сала кетейік, таяуда Ғылым және жоғары білім министрлігі кейінгі екі жылда 6 докторанттың диссертациясынан плагиат анықталғанын мәлімдеді.

 

Мұнымен қатар кейінгі екі жылда отандық ғалымдар қандай жаңалықтар ойлап тапқаны жайлы жазып едік.

 

Соңғы жаңалықтар