Биыл қанша адамға рақымшылық жасалды – Бас прокуратура статистикасы
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл бойы қанша адамға рақымшылық жасалды және қанша адам шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты?

Агенттіктің ресми сауалдарына Бас прокуратурадан келесідей жауап алдық.
— Өткен жылы 728 адамға қатысты сотпен рақымшылық бойынша қылмыстық қудалау қысқартылды, биыл 9 айдың ішінде 497 адамға қудалау қысқарды. Сонымен қатар былтыр 119 сотталған адам, ал биыл 9 айда 15 сотталған адам рақымшылық бойынша жауапкершіліктен үкім негізінде босатылды, — делінген жауапта.
Сондай-ақ, Бас прокуратура құрамындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет агенттік жолдаған біраз сауалдың жауабына қатысты мәліметтің жоқ екенін хабарлады.
Оның ішінде рақымшылық жасалған мемлекеттік қызметкерлер туралы статистикалық мәліметтер болмай шықты.
Сол сияқты комитетте жазасын толық өтемей, мерзімінен бұрын босап шыққандар туралы да статистика жоқ.
Еске салсақ, Ішкі істер министрлігінің жыл бойы қанша қазақстандық жазасын өтеу мерзімінен бұрын босап шыққаны туралы мәліметін жариялаған едік.