Биыл қай жолдардың құрылысына ерекше мән беріліп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл соңына дейін 9 мың шақырым жолда жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Бұл туралы Сенатта жолдардың мәселесін талқылауға арналған Үкімет сағатында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті.

Биыл қай жолдардың құрылысына ерекше мән беріліп отыр
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

- Биыл елімізде жөндеу жұмыстары 13 мың шақырым жолды қамтиды, оның ішінде республикалық маңызы бар желі бойынша 2 мың шақырымнан астам қайта жаңарту ескерілген. Ал облыс орталықтары арасындағы жолдарды жөндеу аясында 6,6 мың шақырым, жергілікті желі бойынша 4,2 мың шақырым қамтылады. Жыл соңына дейін 9 мың шақырым жолда жұмыстарды аяқтау жоспарланған, - деді М.Қарабаев.

Оның айтуынша, құрылыс және қайта жаңарту шеңберінде ұзындығы 1 мың шақырым 10 өтпелі жобаның іске асырылуы жалғасып жатыр. Бұл жобалар қатарына «Қалбатау-Майқапшағай» (405 км), «Құрты-Қонаев» (67 км), «Қызылорда-Жезқазған» (398 км), «Ұзынағаш-Отар» (42 км) және басқа да бағыттар кіреді. Жыл соңына дейін 847 шақырым жол пайдалануға беріледі, оның ішінде Қызылорда облысында «Қызылорда – Жезқазған» бағыты бойынша 192 шақырым.

- Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 2 мың шақырым жаңа жобаларды іске асыру жұмыстары атқарылып отыр. «Ақтөбе – Ұлғайсын» (234 км) жобасы бойынша жолды төрт жолаққа дейін қайта жаңарту көзделген. Қазір конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр, келісімшартқа қол қою биылғы тамызға жоспарланған. «Қарағанды – Жезқазған» (572 км) жобасы бойынша да конкурс жүргізіліп жатыр және мердігер ұйым осы жылғы қыркүйек айында анықталады. Сарыағаш қаласының айналма жолы (102 км) жобасын қаржыландыру үшін Азия даму банкі жұмылдырылды. «Атырау – Доссор» (86 км), Қызылорда (26 км) және Рудный (17 км) қалаларының айналма жолдары жобалары бойынша келісімшарттарға отыру осы жылдың екінші жартыжылдығына қарастырылған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Орталық – Батыс» (872 км) жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр, - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, транзиттік әлеуетті одан әрі дамыту аясында 2035 жылға дейін шамамен 6 мың шақырым жол жаңғыртылады. Оның ішінде 2025–2029 жылдар аралығында 3,2 мың шақырым. Одан кейін «Доссор – Бейнеу – Жетібай», «Ақтөбе – Орал» және басқа да автожолдар I техникалық санатқа ауыстырылады.

- 10 мың шақырым жолда орташа жөндеу жалғасып келеді. Былтыр оның 5 мың шақырымында жөндеу жұмыстары басталып, 1 мың шақырымы толық аяқталды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 6 мың шақырымнан асады (оның ішінде 2,6 мың шақырымы осы жылы басталған жобалар). Қаржыландыру Қазақстанның Даму Банкі арқылы тартылған қаражат есебінен іске асып отыр. Аталған жөндеу жұмыстары өңіраралық және ауданаралық жолдардың байланысын жақсартады. Оның ішінде негізгі бағыттар келесідей: «Қандыағаш – Шалқар», «Жезқазған – Петропавл», «Атырау – Доссор», «Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы», «Қарағанды – Аягөз» және т.б. Айта кету керек, орташа жөндеу жұмыстары реконструкциялаумен салыстырғанда 7 есеге арзан және 2 есе жылдамырақ. Бұл шаралар республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жай-күйін 94%-ға дейін жақсартуға мүмкіндік береді, - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, сенатор жергілікті жолдардың сапасына қатысты проблеманы атады.

Соңғы жаңалықтар