Биыл Қазақстанда 283 ирригациялық канал автоматтандырылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда суару инфрақұрылымын автоматтандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, су саласындағы маңызды бағыттардың бірі — ирригациялық инфрақұрылымды автоматтандыру. Қазіргі таңда негізгі міндеттердің бірі — берілген су көлемін нақты есепке алу ғана емес, оны тиімді басқару.
— Біз ирригациялық жүйелердегі су жеткізуді автоматтандырылған басқару жүйесіне көшіп жатырмыз. Бұл каналдардағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға және су ресурстарын жедел басқаруға мүмкіндік береді. Цифрлық технологиялар су ресурстарын басқару кезіндегі шығындарды азайтудың тиімді құралы. Биыл 283 ирригациялық каналды автоматтандыруды жоспарлап отырмыз.
Қазсушардың инвестициялық бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Жалпы автоматтандыру жұмыстары Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстарын қамтиды, — деді Аслан Абдраимов.
Вице-министрдің мәліметінше, жобаларды іске асыру барысында отандық және шетелдік технологиялық шешімдер қатар қолданылады.
Әсіресе, елімізде су инфрақұрылымын автоматтандыруға арналған жекелеген технологияларды өндіру жолға қойылып келе жатқаны маңызды. Бұл өз кезегінде отандық өндірушілерді қолдауға, жергілікті құзыреттерді дамытуға және сыртқы жеткізушілерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар трансшекаралық су нысандарында халықаралық тәжірибеде тиімділігі дәлелденген үздік шетелдік технологиялар пайдаланылып жатыр.
Спикердің айтуынша, министрлік жасанды интеллект пен заманауи аналитикалық құралдарды енгізуге де ерекше назар аударып отыр. Осы бағытта ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, су саласында жасанды интеллект, үлкен деректерді өңдеу, аналитикалық платформалар мен цифрлық шешімдерді пайдалану тетіктері пысықталып жатыр.
Айта кетейік, Қазақстанда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі бір ай ішінде іске қосылады.