Биыл Қазақстанда шегіртке таралуы мүмкін аумақ 2,1 млн гектарға жетуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 17 маусымдағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы алқаптарының 11,4 млн гектардан астамы зерттелді, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.

Болжамға сәйкес, биыл Қазақстанда үйірлі шегірткелер таралуы мүмкін аумақ шамамен 2,1 миллион гектарды құрауы ықтимал. Күрес шараларына 443 бірлік арнайы бүрку техникасы, оның ішінде 49 дрон жұмылдырылған. 3,5 мыңнан астам адам зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жергілікті жерлердегі жұмысты облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар үйлестіріп отыр.
— Шекара маңындағы аймақтардағы шегірткелерге қатысты жағдай тұрақты бақылауда. Атап айтқанда, 2–6 маусым аралығында Қазақстан мен Қырғызстанның шекаралас аумақтарында бірлескен зерттеулер жүргізілді. Ал 9–13 маусым аралығында осындай зерттеулер Қытай Халық Республикасында өтті. Қазіргі уақытта Қырғызстан мен Қытай тарапынан шегірткелердің ұшу немесе көшу қаупі анықталған жоқ. Ресей Федерациясы және Өзбекстан Республикасымен шекаралас аумақтар да тұрақты бақылауда, шегіртке ошақтары тіркелген жоқ, — делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство атап өткендей, шегірткелерді бақылау және оларға қарсы күрес шаралары жоспарлы түрде жалғасып жатыр.
Бұдан бұрын шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 90%-дан асқаны белгілі болды.