Биыл қазақстандық қажыларға қандай талаптар қойылады

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен 2026 жылғы қажылықты өткізуге арналған кеңейтілген онлайн жиналыс өтті.

2026 жылғы қажылық: Қырғызстаннан алғашқы топ Меккеге барады
Фото: Кабар

Жиын бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен ұйымдастырылып, оған Қазақстан Қажылық миссиясының өкілдері, ҚМДБ қызметкерлері, ҚР Дін істері комитетінің өкілі және қажылық сапарын ұйымдастыруға рұқсат алған 14 туроператордың басшылары қатысты.

– Биылғы қажылықтың басты мақсаты – отандастарымыз үшін рухани мазмұнды әрі ұйымдастыру жағынан мінсіз сапарды қамтамасыз ету. Қажылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы – негізгі басымдық, – деді Қажылық миссиясының төрағасы Кенжетай Байкемелұлы.

Жиында биылғы қажылық маусымына қатысты бірқатар талаптар түсіндірілді.

Атап айтқанда, әрбір қажы Қазақстан аумағынан тек ресми туркод арқылы шығуы тиіс. Бұл талап заңсыз қажылық сапарларының алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ Қазақстан квотасы арқылы өзге ел азаматтарын қажылыққа апару фактілеріне жол берілмейтіні ескертілді.

Қажылық қызметін тек мемлекеттік лицензиясы және ҚМДБ рұқсаты бар туроператорлар ғана жүзеге асырады. Бұл шаралар қажылардың құлшылықты қауіпсіз әрі реттелген жағдайда орындауына мүмкіндік береді.

Жиын барысында қажыларға арналған «Qajy Guide» мобильді қосымшасының жұмысы таныстырылды. Қосымша сапар кезінде ақпараттық және техникалық қолдау көрсетуді жеңілдетуге бағытталған.

Сонымен қатар қажылардың міндетті вакцинациядан өтуі және денсаулық сақтау талаптарын сақтау мәселелері де ерекше бақылауға алынатыны айтылды.

Кездесу қорытындысында туроператорлардың ұсыныстары тыңдалып, оларды ұйымдастыру жұмыстарына енгізу қарастырылды.

Айта кетейік, Қазақстанда қажылық сапарын ұйымдастыру жүйесі жыл сайын жетілдіріліп, қауіпсіздік пен қызмет сапасын арттыруға басымдық беріліп келеді.

Ал Сауд Арабиясы қажылық қарсаңында Меккеге кіруге қатысты жаңа талаптарды жариялады.

Соңғы жаңалықтар