Биыл қазақстандықтар ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінен 7,9 мың тонна өнім сатып алған
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен демалыс күндері еліміздің барлық өңірінде республикалық ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылды, деп хабарлайды Сауда министрлігі.
Іс-шараға 1300-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен кәсіпкер қатысып, жәрмеңкелерге келгендердің жалпы саны 170 мыңға жуықтады. Негізгі сұраныс ет өнімдеріне бағытталды. Барлығы 300 тоннадан астам ет сатылды. Сиыр еті бағасы келісіне 2 500–3 500 теңге аралығында болды.
- Астанада жәрмеңке барысында 20 тонна сиыр еті 3 000–3 500 теңгеден сатылды. Сонымен қатар 1 тонна құс еті (1 500 тг/кг), 1 тонна ұн (280 тг/кг), 0,5 тонна макарон (300 тг/кг), 0,5 тонна күріш (400 тг/кг) және 0,2 тонна қарақұмық (250 тг/кг) саудаланды. Күнбағыс майы 900 теңгеден 0,1 тонна, ал сары май 4 000–4 200 теңгеден 0,2 тонна көлемінде сатылды, - делінген ақпаратта.
Алматы қаласының тұрғындары шамамен 20 тонна ет өнімдерін сатып алды. Шымкентте жәрмеңкеге 258-ге жуық кәсіпкер қатысты. Олардың қатарында Түркістан облысының ет өндірушілері, көтерме жеткізушілер және шаруа қожалықтары болды. Тұрғындар әлеуметтік маңызы бар сиыр еті бағасының қолжетімді екендігін атап өтті. Сонымен бірге барлық санаттағы сиыр етіне, соның ішінде жұмсақ бөліктеріне де бағаны төмендету жөнінде ұсыныстар білдірілді. Басқа әлеуметтік тауарлар бойынша бағалар нарықтық және бөлшек сауда желілеріне қарағанда әлдеқайда қолайлы деп бағаланды.
Республика бойынша өткен жәрмеңкелерде ет өнімдерімен қатар көкөністер, жеміс-жидек, жарма түрлері және сүт өнімдері ұсынылды. Ең қолжетімді тауарлар картоп, сәбіз және пияз болды. Картоптың орташа бағасы – 200 теңге, сәбіз – 250 теңге, пияз – 220 теңге. Келушілер жәрмеңкенің ыңғайлылығын, бағаны салыстыру мүмкіндігін және сапалы өнімді төмендетілген бағамен алу артықшылығын атап өтті.
Батыс Қазақстан облысында ауылшаруашылық жәрмеңкелері екі орында өтті. Өңірдің тауар өндірушілері ұсынған өнім қатарында кондитерлік және шұжық өнімдері, күнбағыс майы, сүт тағамдары, жұмыртқа, бал және басқа да тауарлар болды. Шаруа қожалықтары картоп, құс еті, үйрек, қаз, түйетауық, сондай-ақ сиыр, жылқы және шошқа етін саудалады. Барлық өнім жоғары сапасымен және қолжетімді бағасымен ерекшеленді. Мәселен, сиыр және жылқы еті 2 700–2 800 теңгеден, картоп 130 теңгеден, пияз бен қырыққабат 100 теңгеден, С1 санатындағы жұмыртқа 52 теңгеден ұсынылды.
Өскемен қаласында сенбі күні бес ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Марқакөл ауданынан келген фермерлер 2 тонна сиыр етін 3 000 теңгеден, 3 тонна жылқы етін 2 800 теңгеден және 3 тонна қой етін 3 200 теңгеден жеткізді. Бұдан бөлек, бал, сүт өнімдері, ірімшік, сары май және басқа да тауарлар да тиімді бағамен сатылды. Қаланың өзге жәрмеңкелерінде де түрлі ет өнімдері, сүт тағамдары, бал, көкөніс, жеміс-жидек және табиғи өнімдер кеңінен ұсынылды. Бір күн ішінде шамамен 5 тонна сиыр еті, 4 тонна жылқы еті, 5 тонна қой еті, 10 тонна көкөніс, 2 тонна құс еті және бірнеше тонна басқа да ауылшаруашылық өнімдері сатылды.
Жәрмеңкелердегі бағалар нарықтық деңгейден төмен болды: картоп – 200 теңге, сәбіз – 150 теңге, қырыққабат – 140 теңге.
Жыл басынан бері елімізде 504 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп, онда жалпы көлемі 7,9 мың тонна өнім 5,3 млрд теңгеге саудаланды.
Айта кетейік, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері 15-тен аса елге экспортталады.