Биыл Қызылорда облысында инвестициялық 10 жаңа жобаның құрылысы басталады
АСТАНА. KAZINFORM - Қызылорда облысында заманауи технологияларды қолдана отырып инвестициялық 10 жаңа жобаны жүзеге асыру басталады. Бұл туралы бүгін өңір әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев баяндады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Жобаларды жүзеге асыру облыста 400 қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Олар қытай инвесторларының есебінен салынады.
Негізгі бағыттардың қатарына кірпіш зауытының құрылысы, қағаз, картон, айна өндірістерін іске қосу, сондай-ақ қуаты 90 МВт болатын үш күн электр стансасының құрылысы кіреді. Тамақ өнеркәсібінде нан-тоқаш, макарон және кондитерлік өнімдерді өндіруді, сондай-ақ түйе сүтін, күріш пен тұзды өңдеуді жолға қою жоспарланып отыр.
- Жобалар облыс әкімінің ҚХР-дың төрт өңіріне жұмыс сапарының қорытындысы бойынша қол қойылған келісімдер негізінде жүзеге асырылып жатыр. Келісімшарттардың жалпы сомасы 10,8 млрд теңге болды, - делінген хабарламада.
Осыған дейін Қызылорда облысында су ресурстарын басқару шаралары күшейтілгені туралы жаздық.