Биыл көктем ерте келеді: Павлодарда 52 ауылды су басуы мүмкін

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысы бойынша 52 ауыл қарғын судың құрсауында қалуы мүмкін. Су тасқынынан пайда болатын ықтимал апаттардың алдын алу бойынша өңірде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

 

Керекуге көктем ерте келеді

Ауа райын болжаушылар көктем Керекуге ерте келеді деп хабарлап қойды. «Қазгидромет» РМК филиалының директоры Галина Шпактың ақпараты бойынша ақпанның екінші жартысында ылғал мол түседі. Температура нормадан 2 градусқа жоғары болады. 

казгидромет
Фото жеке архивінен

Наурыз айында да ауа температурасы жылдағыдан 2 градусқа жоғары болмақшы. Топырақта қалған күзгі ылғалдың көлемі 60%-ға артса, қардағы судың қоры да нормадан 7%-ға асып тұр.

Былтырғыдан төмен жалғыз ғана көрсеткіш — топырақтың орташа қату тереңдігі, ол өткен жылмен салыстырғанда 41%-ға аз. Аймаққа негізгі қауіп көршілес Ақмола және Қарағанды облыстарынан келетіні де жасырын емес.

техника
Фото: Валерий Бугаев

Аталған өңірлерде жиналып қалған ақ ұлпаның көлемі былтырғыдан 1,5 есе артық. Осыған байланысты негізгі күштер мен құралдар тобын Ақтоғай және Баянауыл аудандарына жіберу қарастырылған. Қазір облыста жедел штаб құрылған.

— Былтыр көктемдегі ауыртпалықты ескере отырып, жаз бен күзде 18,89 км қорғаныс бөгеттері тұрғызылды. 4,8 км бұрма арналары жөнделіп, кейбірі қайта салынды. Автомобиль және темір жолдардың астына 24 су өткізу құрылыстары орнатылып, ауыстырылды. Арналар мен өзендердің учаскелерінде 7,8 км тереңдету жүргізілді. Инженерлік жұмыстар жоспарымен 31 іс-шара іске асырылды. Жергілікті атқарушы органдар су тасқыны кезеңі үшін 5973 тонна инертті материалдар, 35 мың данадан астам қаптар, 68,6 тонна жанар-жағармай әзірлеп, тамақтануға 139 ниет шартын және жарылыс жұмыстарына 7 шарт жасасты. Сонымен қатар, мемлекеттік материалдық резервтен қозғалтқышының қуаттылығы 100 кВт, секундына 625 литр су айдайтын екі жылжымалы сорғы стансасы (АЕМ 500/10) берілді, -дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рустамбек Амрин.

дчс
Фото жеке мұрағатынан

Ықтимал су тасқынымен күресуге 2327 адам, 699 инженерлік және арнайы техникалар, 23 жүзу құралы, 355 мотопомпа дайындалып қойған.

Қажет болған жағдайда Ертіс өзені бойында және оған кіретін өзендерде жарылыс жұмыстарын жүргізуге Аққулы, Май, Железин, Ертіс, Тереңкөл, Ақтоғай аудандарында және Ақсу қаласында 7 шарт жасалған.

— Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстандағы Шүлбі су қоймасындағы судың көлемі 81,5% құрайды (өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға артық). Осыған байланысты Павлодар және Ақсу қалаларының әкімдіктері қысқа мерзімде Ертіс өзенінің жағасын нығайту жұмыстарына кірісуі қажет, — дейді департамент бастығы.

техника
Фото: Валерий Бугаев

«Дайындығымыз мығым»

Су тасқынының алдын алу іс-шараларына облыстағы бюджеттерден 603,4 млн теңге бөлу көзделіп отыр. Қаражат қаптар, инертті материалдар, мотор сорғылары, шлангтар мен құбыршек, жанар-жағармай материалдарын сатып алу, еріген суды сору, тырмалау, қар шығаруға және т. б. жаратылады.

Аймақта қар еріп, өзен-көлдер көтерілген уақытта 52 елді мекенді су басу қаупі бар. Су басу қаупіне неғұрлым бейім ауылдық жерлердегі тәуекелдерді төмендету мақсатында Атамекен кентінде, Кенжекөл ауылы мен Ақсу қаласы маңында қорғаныс үйінділерін нығайту жүргізілген.

Өткен жылы су тасқыны кезінде ең көп зардап шеккен Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында жалпы сыйымдылығы 200 мың текше метр болатын 3 қазаншұңқыр қазылып, ұзындығы 2,3 км, биіктігі 3 метрге дейін топырақ үйінділері салынды.

Ал Баянауыл ауданының Қаныш Сәтбаев, Ұзынбұлақ, Жаңажол және Жаңатілек ауылдарында лиманды суару жүйелерін реконструкциялау бойынша жобалар іске асырылуда.

а
Фото: Валерий Бугаев

Жобалар Айдос, Қарасу, Ащы өзендерінен келетін тасқын суларды жинақтауға және оларды лиманды суармалы жерлерге бөлуге бағытталған. Оның нәтижесінде Баянауылдағы 17 елді мекенді су басу қаупін азайтады.

— Өткен жылдардың қателігі облысқа сабақ болды. Кейбір жерлерде көктемгі су басудың қауіп-қатерін азайту үшін кешенді түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни жалпы құны 6,5 млрд теңге қаражатқа бірқатар инвестициялық жобалар өміршең етілді. Атап айтқанда, Сілеті өзенінің облыс шекарасындағы арнасын тазартып, түбін тереңдету, жағалауды нығайту, Башмачное ауылында жағалауды бекіту жұмыстары іске асты. Қазір аумағымызда орналасқан 23 гидротехникалық құрылыс тұрақты мониторингте тұр (су қоймалары, бөгеттер және т. б.). Автожолдарда орналасқан 1 278 су өткізу құбыры бар. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне 20 ақпанға дейін қар шығару жұмыстарын жүргізу, 1 наурызға дейін «ҚазАвтоЖол» филиалымен бірлесіп жолдардағы су өткізу құбырларын ашу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Өңіріміз «Жасыл аймаққа» жатқызылғанына қарамастан, дайындығымыз жоғары деңгейде болуы керек. Баянауыл, Ақтоғай, Павлодар, Май аудандары ерекше назарда болады. Аудан әкімдері су басатын тарихи орындарды зерделеп, ауа райына, су айдындарының толуына мониторинг жүргізіп, халықты және инфрақұрылымды қорғау үшін барлық алдын алу шараларын қабылдауы қажет. Жалпы дайындығымыз мығым, — дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов.

әкімдік
Фото: Валерий Бугаев

Аудандардағы ахуал қалай?

Мамандардың сөзіне құлақ түрсек, биыл негізгі қауіп Ақтоғай, Баянауыл, Павлодар аудандарында туындауы мүмкін. Ендеше аталған аудандардың дайындығы көңілден шыға ма?

Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, таулар мен далада жиналған қар қорынан бөлек, бірнеше су қоймасы орналасқан Қарағанды облысынан да мол су келеді деп күтілуде.

— Су тасқынына жедел ден қою үшін көлік құралдары мен құрал-жабдықтар, жанармай қоры, инертті материалдар дайындалды. Ауданның автожолдарында 378 су өткізетін құбыр ашылады. Ауылдық аумақтардан қазірге дейін 2625 тонна қар шығарылды. Баянауылдағы су тасқыны жағдайының күрделенуі негізінен Ащысу өзенімен байланысты. Қолдағы мәліметтерге сүйенсек, Қарағандыдағы «Қаратоқа» су қоймасының жобалық көлемі — 3 млн шаршы метр болса, қазір оған 1 млн шаршы метрдей су жиналған. Ал 4,2 млн текше метр су сыятын «Ақжар» су қоймасы қазіргі күні 71%-ға толған. Бұл жағдай бізді алаңдатады, — дейді аудан басшысы Ардақ Кісентаев.

әкім
Фото: Баянауыл ауданы әкімдігі

Ал Ақтоғай ауданы бойынша 7 елді мекен бақылауға алынған. Түсіндіре кетсек, Шұға, Шілікті, Жалаулы ауылдарына қалың түскен қардың еруі, Шолақсор ауылына Ақмола облысындағы Сілетіден келетін су, Әуелбек, Жаңабет, Жамбыл ауылдарына Ертіс өзенінің тасуы қауіп төндіреді. Жеті ауылда жалпы саны 2043 адам тұрып жатыр.

өзен
Фото: Валерий Бугаев

— Былтыр Жалаулы ауылында оннан астам үйді төтеннен келген топан су басып қалған еді. Елді мекенде 3 қазаңшұңқыр салынып, биыл келетін мол суды сол «жұтып» қоя ма деген үмітіміз зор. Шұға ауылының аумағында Басқамыс-Қарақоға-Шұға-Жолболды автожолында 8 су өткізгіш құбыр бар. Көктемгі кезеңде еріген суды төменгі учаскелерге бұру жұмыстары қосымша жоспарланып қойды. Әуелбек, Жаңабет, Жамбыл ауылдарында өткен жылы биіктігі 2-2,5 метр болатын топырақ үйінділері тұрғызылды. Ауылішілік жолдарды қысқы күтіп ұстауға, оның ішінде қар шығаруға аудандық бюджеттен 30,1 млн теңге бөлінді. Ал шұғыл шығындар үшін 24,6 млн теңге қарастырылып қойды, — деп хабарлады Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов.

әкім
Фото: Ақтоғай ауданы әкімдігі

Павлодар ауданы бойынша да дайындық пысықталып жатыр. Аудан басшысы Дидар Ибраев жуықта қауіп туындауы ықтимал Розовка, Рождественка, Ефремовка, Заря ауылдары тексерілгенін мәлім етті.

Мичурин, Жаңа қала, Черноярка, Сычевка, Каракөл және Пресное ауылдарында 3,8 км қорғаныс бөгеттері тұрғызылып, нығайтылған. Биыл мұндағы елді мекендерден 12 мың тоннаға жуық қар шығарылады деп болжанып отыр.

карта
Фото: Павлодар ауданы әкімдігі

Сәтбаев су арнасында комиссия құрылды

Сәтбаев атындағы каналда су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою бойынша комиссия құрылды.

Мұндағы өндірістік нысандарда төтенше жағдайлардың алдын алу және алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары түзіліп, 1 наурыздан бастап бөлімшелерде тәуліктік кезекшілік ұйымдастыру көзделіп қойған.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК Павлодар филиалының басшысы Арман Оспановтың сөзінше, арна бойында 8 техника дайындалған.

тасқын
Фото: Валерий Бугаев

— Павлодар филиалының нысандары мен гидротехникалық құрылыстарынан елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Қазіргі таңда филиал нысандарында бөгеттерді, кірме жолдар мен гидротехникалық құрылыстарды қардан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл Шідерті өзенінің жайылмасына 120 млн текше метр көлемінде су жіберіледі деп күтіліп отыр. Нәтижесінде көптеген шөліркеп қалған жерлертіршілік нәріне қанады. Павлодар, Май және Ақтоғай аудандарында жалпы аумағы 16,7 мың гектар тұрақты суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша төрт жоба іске асырылуда. Ал ҚР су шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, Аққулы, Май, Ақтоғай аудандарында суару жүйелерін (сағаларды) қайта құру жоспарланды, — дейді кәсіпорын басшысы. 

а
Фото: Валерий Бугаев

 

Соңғы жаңалықтар