Биыл Қостанай облысына 966 қандас көшіп келді

Биыл Қостанай облысына 966 қандас көшіп келді, деп хабарлайды Kazinform «Отандастар қоры» КЕАҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қостанай облысына
Фото: «Отандастар қоры» КЕАҚ баспасөз қызметінен

Бұл белгіленген квотадан үш жарым есе артық. Олардың 90%-ы Рудный қаласына қоныстанған. Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар» қорының өкілдері өңірге жұмыс сапарымен келіп, қатарымызды толықтырған ағайынның тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты. 

көшіп келді
Фото: «Отандастар қоры» КЕАҚ баспасөз қызметінен

Гүлсина Қалмырзаева Рудныйға Өзбекстаннан көшіп келді. Ол жоғары білімді дәрігер. Біраз жыл бойы жергілікті ауруханада жұмыс істеді. Кейін жеке ЛОР кабинетін ашуды ұйғарды. Оны жабдықтау үшін мемлекеттен қайтарымсыз 5 миллион теңге грант және 6 миллион теңге субсидия алған. Қазақстанда әр адамға жеке ісін ашуға мүмкіндік мол екенін тілге тиек етті.  

Қостанай облысына көшіп келді
Фото: «Отандастар қоры» КЕАҚ баспасөз қызметінен

«Өзіне ұнайтын жұмысты дөңгелетіп әкетемін деген адамға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Оған көзім жетті, себебі сол көмектерді алып, кәсібімді жүргізіп жатырмын», — дейді жеке кәсіпкер Гүлсина Қалмырзаева. 

Кеншілер қаласына келген қандастарымыз түрлі салада еңбек етеді. Көбі жеке кәсіппен айналысады. Бірі тігін цехын ашса, ендібірі түйе шаруашылығын түлетіп, аймақты шұбатпен қамтамасыз етіп отыр. Әрине оларды мазалайтын мәселелер де жоқ емес.  

қандас
Фото: «Отандастар қоры» КЕАҚ баспасөз қызметінен

«Қандастар негізінен құжат алу мәселелері, оның ішінде ықтиярхат, азаматтық алу, өңірлік квота бойынша хабараласады. Құжат алуға өтініш беріп, бірақ әлі жауап алмағандары да бар. Осындай мәселелердің бәрі біздің назарымызда», — дейді «Отандастар қоры» КЕАҚ Қандастарды қолдау департаменті директорының орынбасары Еркебұлан Меңлібаев. 

Қостанай облысына
Фото: «Отандастар қоры» КЕАҚ баспасөз қызметінен

Тарихи Отанына оралған қандастарымыздың тез бейімделіп кетуіне мемлекет барынша жағдай жасап жатыр. Азаматтық алу мерзімі алты айдан үш айға қысқарды. Биыл үй салуына немесе сатып алуына ұтқырлық сертификаты беріле бастады. Оның сыртында жергілікті әкімдіктер де, кәсіпкерлер де көмек-қолдау көрсетуге дайын.  

«Рудный қаласына жақын орналасқан Бейімбет Майлин, Денисов деген аудандар бар. Денисов ауданында 300 орынға арналған қазақ мектебі бар. Ендігі кезекте аудан әкімі көшіп келуге ниетті қандастар үшін он үйге дейін сатып алуға дайын екенін айтып отыр», — деді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев. 

Осы айда Қостанай облысына қандастарға бөлінетін өңірлік квота 72-ге ұлғайтылды. Оның жартысына жуығы Рудный қаласына бөлінді. 

Соңғы жаңалықтар