Биыл құмар ойынға салынғандар 16 қылмыс жасады — ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр құмар ойынға салынған адамдар 300 қылмыс жасады. Бұл туралы Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында Ішкі істері министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты.
«Осы кездесуге дайындалу барысында тергеу департаментімен нақты қылмыстық істерді қарадық. Іс материалдары бойынша лудоманияға шалдыққан адамдардың қандай әрекетке барғанын байқауға болады. Министрлік деректеріне қарағанда, құмар ойынға тәуелді адамдар былтыр түрлі 300 қылмыс жасаған. Ал биылдың басынан бері 16 қылмыс тіркелді», - деді И. Лепеха ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу тақырыбына арналған отырыста.

Оның айтуынша, былтыр құмар ойындардың салдарынан 2 кісі өлтіру, 25 тонау, 80 алаяқтық, 170 ұрлық дерегі анықталды.
«Осы жылы 16 қылмыстың ішінде бір кісі өлтіру, 3 қарақшылық шабуыл, 3 тонау, 3 алаяқтық және бір ұрлық тіркелді. Біз нақты қылмыстық істерді қараған едік. Өкінішке қарай, бәрі осымен бітпейді. Лудомания салдарынан шығын сомалары да өте жоғары. Сондықтан мәселе өте күрделі екенін атап өткен жөн. Мәселен, бір азамат ұйымның 940 млн теңгесін құмар ойынға салып жіберген. Бұдан бөлек, адам өлтіруге қатысты резонансты деректер де бар. Оқиға Астанада болған. Түнде әйелі ұйықтап жатқанда күйеуі оның телефонын алып, ондағы ақшаны аудара бастаған. Әйелі оянып кеткен кезде, күйеуі зайыбын және оның әпкесін өлтірген», - деді министрдің орынбасары.
Еске салсақ, жақында Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.
Елімізде 400 мыңдай адам букмекерлер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған.