Биыл күріш пен мақтаның егіс алқаптары 41 мың гектарға қысқартылмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде күріш пен мақтаның егіс алқаптары кемінде 41 мың гектарға қысқартылады.

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.
— Ылғалды талап ететін дақылдарды қысқарту Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының басымдықтарына тікелей сәйкес келеді, соған сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымын әртараптандыру көзделген. Индикативтік көрсеткіштерге сәйкес, 2025 жылға қарай күріш пен мақта егіс алқаптары кемінде 41 мың гектарға қысқартылуы тиіс, — деді ол өз баяндамасында.
Сондай-ақ министр мақта мен күріш алқаптары нақты қанша гектарға қысқартылатынын атап көрсетті.
— Күріш бойынша — 10 мың гектарға, нақтырақ айтқанда: Қызылорда облысында — 89 мың гектардан 80,9 мың гектарға дейін, Түркістан облысында — 3,2 мыңнан 2,8 мың гектарға дейін, Алматы және Жетісу облыстарында — 8 мыңнан 6,5 мың гектарға дейін. Сондай-ақ Түркістан облысында дәстүрлі әдіспен суарылатын мақта алқаптарын 31 мың гектарға қысқарту жоспарлануда, — деді Нұржан Нұржігітов.
Осыған дейін елімізде егіс алқабының жалпы көлемі 23,7 млн гектарға жеткенін жазғанбыз.