Биыл мерзімді әскерилердің 9 млрд теңге несиесі кейінге шегерілген
АСТАНА. KAZINFORM — Биылдан бастап әскерге кеткен сарбаздарға несие төлемін шегеру үшін құжат жинап, әскери комиссариат пен банк арасында сабылудың қажеті жоқ. Бұл процесс енді автоматты түрде жүргізіледі.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы департаменті бастығының орынбасары Арман Сарин Kazinform тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
— Мерзімді әскери қызметке шақырылған барлық әскери қызметшілерге кредиттік каникулдар проактивті түрде беріледі. Бұл процесс әскерге шақыру туралы бұйрық рәсімделіп, жүйеге енгізілгеннен кейін іске қосылады. Ол бұйрыққа әскер қатарына жөнелтілетін барлық азаматтардың ЖСН-дері енгізіледі. Құжат электрондық цифрлық қолтаңбамен бекітілгеннен кейін, барлық мәлімет Бірінші және Мемлекеттік кредиттік бюроларға жолданады. Кредиттік бюролар Қазақстан бойынша несие туралы бірыңғай мәліметтер базасына сүйене отырып, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің қай банктерде несиесі бар екенін анықтап, екінші деңгейлі банктерге кредиттік каникул қажет екені туралы хабарлайды, — дейді полковник.
Қазір елімізде 20 мыңнан астам мерзімді әскери қызметшіге кредиттік каникул берілген.
— Кредиттік каникул мерзімі — әскерге шақырылған күннен бастап 12 ай. Оған қоса азаматтың жұмыспен қамтылып, тұрақты табыс тауып, несие төлеуді қайта жалғастыруы үшін қосымша 2 ай беріледі. Бүгінгі таңда Мемлекеттік және Бірінші кредиттік бюролардың дерегіне сәйкес, 20 мыңнан астам мерзімді әскери қызметшіге кредиттік каникул берілген. Шегерілген несиенің жалпы сомасы шамамен 9 миллиард теңгеге жуық, — дейді спикер.
Еске сала кетейік, ҚР Қорғаныс министрлігі жаңа цифрлық жүйені енгізу арқылы 1 миллиардтан астам мемлекет қарыжысын үнемдеген.