Биыл Павлодар облысында 1,4 млн тоннадан астам мал азығы дайындалады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінде шабындыққа шалғы түсіп, ауыл жұрты төрт түліктің қысқы жемшөбін қамдаудың қамына кірісті. Биыл өңір бойынша 1,4 млн тоннадан астам шөп дайындау жоспарланып отыр.

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Зәмзагүл Бүркітбаеваның ақпарынша, биыл облыста жалпы аумағы 1 млн 575 мың гектар жерге шалғы түседі.
Оның ішінде көпжылдық шөптер — 233,3 мың, жайылмалар мен көлтабандар — 208,7 мың, біржылдық шөптер — 58 мың, шабылуға жататын жайылым 1 млн 75 мың гектардай болып қалады.
— Соңғы ақпарат бойынша өңірдегі қыстақтарға 1 млн 404,4 мың тонна мал азығы қажет. Мал иелеріне шамамен бір жарым жылдық азық қорын дайындауды (1 млн 823 мың тонна) ұсынып отырмыз. Шабындықтардағы шөптің шығымы жылдағыдан айтарлықтай жоғары, фермерлердің мәліметтеріне сүйенсек орташа есеппен әр гектардан 8,9 центнерден айналуда. Ал көпжылдық шөптердің өнімділігі гектарына — 9 центнер, жайылмалар мен көлтабандарда — 18,9 центнерге дейін жетіп тұр. Бұған қоса 86,5 мың тонна пішендеме мен 182 мың тонна сүрлем, 208 мың тонна сабан дайындау жоспарда бар, -дейді басқарма өкілі.
Қазіргі уақытта шабындықтардың 81,6 мың гектары шабылып үлгерген. Шаруалар одан 64,2 мың тонна мал азығын шауып, 1,2 мың тонна сүрлем дайындаған.
Биыл Май ауданы жұртының көңілі де жай. Жергілікті халықтың айтуынша, жайылмалар тұрмақ, қырдағы жердің шөбі де қалың шығып, ат бауырынан келеді.
Аудандағы 125 мыңдай түліктің (қара мал мен қой-ешкі) қысқы азығына шамамен 140 мың тоннадай шөп қажет.
Бұл шамадағы азықты мал иелері қиналмай шауып аламыз деп отыр.
— Жайылманың көп бөлігі әлі күнге кепкен жоқ, соған орай азаматтар шалғы түсіре қоймаған. Ал қырдың шөбіне елдің алды кірісіп кетті. Былтыр қуаңшылық кезінде мал өсірушілер қолға іліккен жердің барлығын шауып алды. Соның да нәтижесі болса керек, шабындықтар тыңайған. Гектарынан 8-9 центнер шөп алып жатыр. Мынау Ақшиман жақтың халқы мал азығын жинауда жылда қиналып қалатын. Биыл бұл жақта да жағдай тәуір. Өңірімізде 312 шаруашылық бар, олардың барлығы мал азығы бойынша қор молынан болады деген болжам жасап отыр. Фермерлерге шамалары жетсе екі жылдық қор жасап алыңыздар деген ақыл-кеңес бердік, -дейді Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин.
Ал облыс әкімдігіндегілер Ертіс өзені жайылмасындағы шабындықтардың 35 пайызы құрғап үлгергенін айтады.
Өзен бойын жайлаған елді мекендер бүгінде біртіндеп малдың қысқы азығын жинауға кірісе бастаған.
Биыл Шарбақты ауданының бірнеше шаруа қожалығы ауылдар маңындағы шабындықтар мен жайылымдарды жаңарту мақсатында 600 гектар жерге еркекшөп егіпті.
Егер бұл жоба нәтижелі болса, оны өзге аудандарда тарату жоспары бар.
Еске сала кетейік, биыл облыстағы егіс танаптарының аумағы 1,6 млн гектардан асты.