Биыл Президент қанша нормативтік-құқықтық актіге қол қойғаны белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 95 Заңға, 388 Жарлыққа, 80 Өкімге қол қойды. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі — Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің Telegram парақшасында жазды.
Биыл Мемлекет басшысы 95 Заңға, 388 Жарлыққа, 80 Өкімге, 22 отырыс хаттамасына, 3504 қызметтік құжатқа қол қойды. Олардың қатарында Бюджет, Салық, Су кодекстерінің жаңа редакциялары мен «Жасанды интеллект туралы» Заңды ерекше атап өтуге болады.
Сонымен қатар Президент «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға, сондай-ақ «Алатау қаласына даму қарқыны озық қала» арнаулы мәртебесін беру туралы» Жарлыққа қол қойды.

— Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған шешімдері экономикалық өсімнің жаңа ортасын қалыптастыруды, Түркістанды мәдени-туристік орталыққа, ал Алатау қаласын жоғары технологиялық индустриясы бар, іскерлік хабқа айналдыруды көздейді, — деп жазды Руслан Желдібай.
Бұдан бұрын ҚР Президентінің көмекшісі — Баспасөз хатшысы биыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы және ішкі саясат бағытындағы қызметі өте қауырт әрі жемісті өткенін жазған еді.