Биыл Президент Қырғызстанға барады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиевпен кездесуде айтты.

- Сіздің Астанаға алғашқы ресми сапарыңыздың ерекше символдық мәні бар. Біз – арманы-мұраты ортақ, тарихи тамыры бір, қаны да, рухы да өткен жақын бауырлас елдерміз. Осы тұста ата-бабаларымыз аманат еткен береке-бірлігімізді сақтап, достығымызды бекіте түсу ортақ мақсатымыз деп білемін. Мемлекет басшыларымыздың өзара сенім мен шынайы достық рухындағы тұрақты байланыстары біздің көп қырлы қатынастарымызды жаңа белестерге көтеруге ықпал етті, - деді ол.
Олжас Бектенов былтыр Қырғыз Президентінің Қазақстанға ресми сапармен келгенін еске алды.
- Биыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қырғызстанға сапары жоспарланып отыр. Бұл екіжақты байланыстардың одан әрі дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Біздің бүгінгі кездесуіміз жоғарғы деңгейде өтетін алдағы келіссөздерді сапалық жағынан толықтыра түсу үшін екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді, - деді Премьер-министр.
Еске салсақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королімен келіссөз жүргізген еді.