Биыл рекордтық көлемде тұрғын үй пайдалануға беріледі – Серік Жұманғарин
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин мәлім етті.

— Биыл рекордтық көлемдегі кемінде 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл нәтижелерге жаңа инфрақұрылымды салудан және ипотекалық кредит көлемін ұлғайтудан бастап жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуге дейінгі барлық аспектілерді қамтитын бастамалар арқылы қол жеткізіледі, — деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысында.
Вице-премьердің мәлімдеуінше, экономиканың нақты секторын қаржыландыруды ұлғайтуға бағытталған бастамалар жалпы ішкі өнімнің ұлғаюына алып келеді.
— Жоғарыда аталған шаралардың уақтылы орындалуын бақылау үшін менің басқаруыммен Экономикалық өсу жөніндегі жедел штаб құрылды және жұмыс істейді. Барлық туындайтын мәселе жедел және дереу шешіледі, — дейді ол.
Айта кетсек, елімізде 2025 жылдың қаңтарында пайдалануға берілген жаңа нысандардың жалпы алаңы 942,8 мың шаршы метр. Оның ішінде тұрғын үйдің жалпы алаңы 2024 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 26,9% азайып, 766,1 мың шаршы метрді құрады.