Биыл республикалық жолдарда ұялы байланыс сапасын жақсарту жұмыстары басталады
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің республикалық және облыстық маңызы бар жолдарында ұялы байланыс сапасын жақсарту үшін 487 антенна-діңгекті құрылыс салынады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Тіркелген байланыс жобаларын мониторингілеу және дамыту басқармасының басшысы Азамат Серіктаев айтты.

- «Қолжетімді интернет» жобасы аясында республикалық маңызы бар және негізгі облыстық автомобиль жолдарын сапалы байланыспен және интернетпен қамту жобасы бекітілген. Бүгінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 243 нүкте анықталды. Бұл – байланыс жоқ нүктелер, - деді басқарма басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның мәліметінше, жергілікті атқарушы органдармен аталған орындарда антенна-діңгекті құрылыс салу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындау жұмыстары қолға алынған. Бүгінде 110-нан астам жобалық-сметалық құжаттама бойынша сараптаманың оң қорытындысын алды.
- Бұл жұмыс 2027 жылдың соңына дейін аяқталады. Бірінші кезеңде республикалық маңызы бар жолдар, екінші кезеңде негізгі облыстық автомобиль жолдары қамтылады. Жалпы, республика бойынша жолдардың бойында 487 антенна-діңгекті құрылыс салынады. Республикалық жолдарда діңгектерді орнату жұмысы биыл басталады, ал 2026 жылдан бастап негізгі облыстық жолдарға көшу жоспарланған, - деді Азамат Серіктаев.
Бұған дейін еліміз интернет жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингте көрсеткішін жоғарылатқанын жазған едік.