Биыл Семейде 100 көшеге асфальт төселеді
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы көшелерде жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы бірнеше көшенің жолдары ретке келтірілді.
Семей қаласында жалпы ұзындығы 756 шақырымды құрайтын 1 179 көше бар. Абай облысы құрылғанға дейін қалалық жолдардың тек 36 пайызы ғана асфальтты бетон жабынымен қамтылған болатын. 2025 жылдың қорытындысы бойынша асфальттау деңгейі 50 пайызға жеткізілді. Қаладағы жол инфрақұрылымын дамыту және көше-жол желісінің сапасын арттыру мақсатында 2026 жылға кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді.

Аймақ басшысы Міржақып Дулатов және Қайым Мұхамедханов көшелерінің қиылысындағы жолда жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрді. Мердігерлерге жұмысты мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына және қала әкіміне Ұлттық сапа орталығы мамандарымен бірлесіп жол сапасын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін айтты.


Облыс әкімі биыл Семейді абаттандыруға айрықша көңіл бөлінетінін, қаладағы 100 көшеге асфальт төсеу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұрын асфальт төселмеген көшелер мен аула аумақтарына басымдық беріледі.
– Басты мақсат – тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Асфальт сапасына ерекше мән беру қажет. Халық бәрін көріп отыр. Жолдарды жөндеуге қаражат бөлінді. Енді нақты нәтиже талап етіледі. Барлығы кепілдік талаптарына сай қадағаланады. Былтыр 40 аулаға асфальт төселсе, биыл оны екі жарым есеге көбейтіп, 100 аулаға асфальт төсемекпіз. Өткен жылы 52 көшені орташа жөндеуден өткізсек, биыл соны екі еселеп, 100 көшеге орташа жөндеу жүргіземіз. Былтыр Семейде 35 аула абаттандырсақ, соны 3 есеге көбейтіп, 100 ауланы абаттандырғалы отырмыз. 2025 жылы 15 көше жарықтандырылған болса, биыл оны алты жарым есеге көбейтіп, 100 көшені жарықтандырамыз. Мұндай ауқымды жұмыс Семейде бұрын соңды болмаған, - деді Берік Уәли.


Аймақ басшысы сондай-ақ жолдың сапасына қоғамдық бақылау орнатудың маңызды екенін атап өтіп, қоғамдық кеңес мүшелері мен партия өкілдерінің бұл іске белсенді атсалысуы керек екенін айтты.