Биыл Шымкенттен 660-тан аса азамат жұмыс күші тапшы өңірлерге көшті

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Жыл басынан бері Шымкент қаласынан 162 отбасы, яғни 668 адам еңбек күші тапшы өңірлерге көшіп барды.

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару:  Үкіметте жаңа ұсыныстар пысықталады
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, Шымкенттен көш түзеген азаматтардың басым бөлігі Павлодар облысын таңдаған. Бұл өңірге 57 отбасыдан тұратын 234 адам қоныстанды.

— Сондай-ақ 19 отбасының 79 мүшесі Шығыс Қазақстан облысына, 53 отбасыдағы 213 адам Солтүстік Қазақстан облысына және 20 отбасының 83 мүшесі Қостанай облысына тұрақтады. Бұдан бөлек, 4 отбасының 18 адамы Абай облысына, 4 отбасының 14 адамы Қарағанды облысына, ал 5 отбасының 27 мүшесі Ұлытау облысына көшіп барды, — делінген ведомство ұсынған ақпаратта.

Сонымен қатар, биыл қалаға 1 045 қандас көшіп келді. Қоныстанған қандастардың басым бөлігі Өзбекстаннан келген — 1 029 адам. Ал Қытай мен Ресейден 7 адамнан, Қырғызстан мен Шри-Ланкадан 1 адамнан келген. Қандастардың көпшілігі құрылыс, сауда-саттық және өзге де салаларда еңбек етеді.

Олардың негізгі бөлігі еңбекке қабілетті жаста. Қандастарды қоғамға бейімдеу және жұмыспен қамту бағытында тиісті шаралар қабылданып, қазіргі таңда 22 қандас жұмыспен қамту бағдарламаларына тартылды.

Бұдан бұрын оңтүстіктен солтүстікке көшкісі келетіндер қатары көбейіп келе жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар