Биыл цифрлық активтер саласында нақты жобалар іске асырылады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл цифрлық активтер саласында нақты жобалар іске асырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.

Цифрлық егемендікке бастар жол: ресурстар, инфрақұрылым және адами капитал
Фото: Kazinform

- Криптоиндустрияны дамытуға Үкімет пен Ұлттық банк тарапынан көбірек көңіл бөлінуде. Қазірдің өзінде цифрлық активтер саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Ел аумағындағы криптовалюта айналымын заңдастыруға және цифрлық майнинг индустриясына инвестициялар тартуға бағытталған түзетулер қабылданды. Биыл осы инновациялық салада нақты жобаларды іске асыру жоспарлануда, - деді Жаслан Мәдиев.

Оның айтуынша, Қазақстан венчурлық мәмілелер бойынша өңірдегі көшбасшы саналады. 

- Еліміз барлық мәмілелердің шамамен 75 пайыз үлесіне ие. Алайда, елдегі венчурлық операциялардың 90 пайызы стартаптардың алғашқы кезеңдеріне бағытталған. Жүргізілген зерттеуге сәйкес 2 мыңға жуық америкалық компанияның жартысына Unicorn компания мәртебесіне жету үшін 3-тен 6-ға дейін қаржыландыру раунды қажет болған, - деді ол.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов «Digital Qazaqstan» стратегиясын әзірлеуді жеделдетуді тапсырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар